Қарулы күштердің әскери қызметшілері соғыс ардагерін ғасырлық мерейтойымен құттықтады

Қарулы күштердің әскери қызметшілері соғыс ардагерін ғасырлық мерейтойымен құттықтады

Алматы қаласы Түрксіб ауданы қорғаныс істері басқармасының жауынгер-десантшылары, өкілдері мен «Жас сарбаз» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушілері майдангер Таратунин Николай Александровичті 100 жасымен құттықтады.

Ардагер 1923 жылы 28 сәуірде Ярославск облысының Починки ауылында дүниеге келген. 1941 жылы жеті жылдық мектепті аяқтағаннан кейін екі үлкен ағасымен және әпкесімен ерікті ретінде майданға аттанды. Сұм соғыстан оның туыстары оралмады, ал Николай Таратунин сұрапыл қырғыннан аман қалды.

Николай Александрович Батыс, Сталинград және екінші Украина майдандарында шайқасты. Барлауда қызмет етіп, жаудың тылында жиі іс-әрекет етті.

Ол соғыста үш рет жараланды. 1943 жылы таңертең қиян-кескі шайқастан кейін санитарлар ұрыс алаңынан қаза тапқандарды әкетіп жатты. Дәл осы уақытта жерлеуге әкетіп бара жатқан қызыл әскердің көзін ашқаны бәрін таңқалдырған болатын.

Соғыс аяқталған соң майдангер Алматы жаяу әскер әскери училищесінің (Қазіргі Құрлық әскерлерінің әскери институты) курсанты атанады. Оны бітіріп, Түркия, Иран, Қытай және Жапониямен шекарада қызмет етті.

Қазақстан Республикасының құрметті азаматы Николай Александрович Таратунин – I дәрежелі «Отан соғысы», екі мәрте «Қызыл Жұлдыз», «Құрмет» ордендерінің иегері.

Мерейтой иесі бүгінде ұлымен бірге тұрады, үш немересі және төрт шөбересі бар. Жыл сайын 9 мамырда бәрі майдангерді Жеңіс күнімен құттықтау үшін жиналады. 

Қарулы күштердің әскери қызметшілері Отанға деген антқа адалдық пен жанқиярлықпен қызмет етудің үлгісі болып табылатын Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне ерекше көңіл бөледі. Олар әркез ардагерлердің үйіне барып, қажетті қолдау, көмегін көрсетіп жүреді.