Әскери челлендж – батырлар ұрпағының мықтылығы сыналды

Әскери челлендж – батырлар ұрпағының мықтылығы сыналды

Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Әскери полиция бас басқармасының бастығы полковник Руслан Құлымбетовтың ұсынысымен «Қуатты Армия – Жаңа Қазақстан» челленджі елордада өз мәресіне жетті.

Бас әскери полиция басшысының спорттық бастамасы қазақ батырларын жас ұрпаққа үлгі етіп, тәрбиелеуге бағытталған.

– Қазақтың кең байтақ жері әлем бойынша 9-шы орында, – деді ҚР ҚК Әскери полиция бас басқармасының бастығы. – Ата-бабамыз бұл жерді найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғаған. Сондықтан біз қарамағымыздағылардың мықтылығын тексеруді жөн көрдік.

Полковник Руслан Құлымбетовтың бастамасы ең шалғай гарнизондарда жалғасын тапты. Ақмола, Қарағанды, Алматы, Тараз, Шымкент, Ақтау, Ақтөбе өңірлік гарнизондарының әскери полиция басқармалары, Қонаев, Талдықорған, Семей, Аягөз, Өскемен және Үшарал қалаларының әскери полиция бөлімдері арқылы өткен 24 келілік гір тасы елордаға жетті.

Жарыстың соңғы кезеңі Қорғаныс министрлігінің Режим мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі әскери полиция жасағында өтті. Бірінші рекорд Ақтауда тіркелгенін айта кетейік. Ақтау өңірлік гарнизоны әскери полиция басқармасы әскери полиция бөлімінің әскери қызметшісі бір жарым пұттық гір тасын 103 рет көтерді.

Бұл нәтижені Астанада жедел әрекет ету бөлімінің аға маманы

3-сыныпты сержант Қуат Аязбаев жаңартты. Ол ешқашан кәсіби түрде гір тасын көтеру спортымен айналыспағанын айтты.

– Біз, әскери қызметшілер, ұдайы түрде дене шынықтырып, спортпен шұғылдануымыз керек, – деді Қуат Аязбаев. – Күнделікті жаттығулардың арқасында мен бүгін осындай нәтижеге қол жеткіздім.

Рекордты жаңартқан жігіт, әскерде борышын өтеген соң армияда келісімшарт бойынша қалып, 10 жылдан астам уақыт қызмет етіп келеді.