Қарулы күштерде жауынгерлік іс-қимыл жүргізудің заманауи тәсілдері сыналуда

Қарулы күштерде жауынгерлік іс-қимыл жүргізудің заманауи тәсілдері сыналуда

Гвардейск гарнизонындағы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының «Мәтібұлақ» оқу-жаттығу полигонында «Көкжал-2023» тәжірибелік-зерттеу тактикалық оқу-жаттығуының соңғы кезеңі өтті. Іс-қимылдың тәжірибеде  қолдану барысын Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов қадағалады.

Оқу-жауынгерлік міндеттерді пысықтау үшін оқу-жаттығу шеңберінде роталық тактикалық топтар ішінен мобильді топтар құрылды. Бір апта бойы бөлімшелер жауынгерлік іс-қимыл жүргізудің жаңа тактикалық әдіс-тәсілдерін пысықтады. Артиллериялық мен армия авиациясы бөлімшелерін жауынгерлік жағдайда қолдануға баса назар аударылды.

Бұл зерттеу жаттығуына «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Мереке Көшекбаев басшылық етті.

Бөлімшелерге оқу-жаттығу барысында әртүрлі топтардың және зақымдау құралдарының мүмкіндіктерін зерттеу, олардың оңтайлы құрамын және жағдайдың өзгеруіне жедел әрі тиімді жауап беру қабілетін анықтау міндеттері қойылды.

Артиллерияны оқу-жаттығуда қолдану ерекшелігі – атыс құралдарын барынша шоғырландырып, классикалық әдістер мен қарсыласты жеңу әдістерімен ұтымды қолдануында болды. Осылайша бөлімше командирлерінің өз бетінше шешім қабылдауына мүмкіндік берілді.

Сондай-ақ, танкке қарсы артиллерия құралдарымен алыс қашықтықтағы қарсыластың броньды нысандарын құртудың жаңа тәсілдері де сыналды.

– Біз әскери өнердің дамуын және соңғы жылдары болып жатқан қарулы қақтығыстарды талдай келе, артиллерия, танк, механикаландырылған және басқа да бөлімшелерді қолданудың жаңа тәсілдерін пысықтап жатырмыз, – деп атап өтті «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Мереке Көшекбаев, – тәжірибелік-зерттеу тактикалық оқу-жаттығуын өткізу кезінде классикалық және стандартты оқу-жаттығулардан алшақтап, жаңа әдістерді сынап көрдік.

«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы атап өткендей, оқу-жаттығудың зерттеу мақсаттарына қол жеткізіліп, бөлімшелердің жеке құрамы практикалық тәжірибе жинады. Алдағы уақытта бұл іс-қимылдар жазғы оқу кезеңіндегі жауынгерлік дайындық барысында пысықталмақ.

Соңында қорғаныс ведомствосының басшысы генерал-полковник Руслан Жақсылықов жеке құрамды оқу-жаттығудың жақсы аяқталуымен құттықтап, ерекше көзге түскен әскери қызметшілерге естелік сыйлықтар табыс етті.