Қазақстанның Әскери-теңіз күштеріне 30 жыл

Қазақстанның Әскери-теңіз күштеріне 30 жыл

1993 жылғы екінші сәуір – қазақстандық әскери теңізшілер үшін ерекше күн. Бұл күні ҚР Президентінің Жарлығымен еліміздің Әскери-теңіз күштері құрылған болатын.

Қарулы күштердің дербес түрі болып олар "Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылымын одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы" Жарлық шыққаннан кейін 2003 жылғы жетінші мамырда түпкілікті қалыптасты.

Әскери-теңіз күштері мемлекеттік шекараны қорғау, Ақтау, Баутино, Құрық порттары сияқты стратегиялық объектілерді, жасанды аралдарды, Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы құбырлар мен кен орындарын қорғау жөніндегі міндеттерді орындайды. 

Олар теңізде жүзу қауіпсіздігін навигациялық-гидрографиялық қамтамасыз етуді де жүзеге асырады. Төтенше жағдайлар туындаған кезде ТЖМ-мен өзара іс-қимылда әскери теңізшілер іздестіру-құтқару жұмыстарына атсалысып, табиғат қорғау іс-шараларын жүргізуге және экологиялық апаттардың салдарын жоюға көмек көрсетеді.

Әскери-теңіз күштерінің қару-жарақ құрамында отандық және шетелдік өндірістің заманауи кемелері, теңіз жабдықтары саласындағы ғылымның соңғы жетістіктері үлгісіндегі қару-жарақ пен техника бар.

Германия, Қытай, Ресей, АҚШ, Түркия және Оңтүстік Кореяның жетекші әскери оқу орындарында оқыған офицерлер кеме экипаждарын басқарады. Ал кіші мамандарды даярлау Ақтау қаласының Әскери-теңіз күштерінің оқу орталығында жүзеге асырылады.

Олар өздерінің жоғары шеберліктері мен теңіздегі жауынгерлік дағдыларын "Батыл тойтарыс" және "Отпантау" республикалық оқу-жаттығуларында, Каспий теңізіндегі жиын-жорықтарда бірнеше мәрте дәлелдеді. Өткен жылы Әзербайжанда өткен "Теңіз кубогы" Халықаралық армия ойындарының байқауында қазақстандық кеме экипажы екінші орын еншілеген болатын.

Әскери теңізшілер жоғары кәсіби шеберлігімен, жанқияр қызметімен және мықты рухымен ерекшеленеді. Әскери-теңіз күштерінде батыл, жауапты және Отанға шынайы берілген жауынгерлер қызмет етеді.