Астанада құрметті демалысқа шыққан офицерлер ұлықталды

Астанада құрметті демалысқа шыққан офицерлер ұлықталды

Қорғаныс министрлігінде авиация генерал-лейтенанты Нұрлан Орманбетов, полковниктер Қайрат Жұмаев, Қайыржан Бимолдин және Алмасбек Жетібаевтың зейнетке шығуына байланысты салтанатты іс-шара болып өтті.

Қорғаныс ведомствосының басшысы генерал-полковник Руслан Жақсылықов оларға еліміздің қорғаныс қабілетін нығайтуға, Қарулы күштердің қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесі үшін алғыс айтып, зор денсаулық, мол бақыт, отбасыларына амандық тіледі.

– Біз сіздерді Отанға қызмет етуде күш-жігері мен білімдерін аямаған, тәжірибелі, принципшіл, еңбекқор офицерлер ретінде білеміз. Сіздер әскери қызметшілердің кейінгі буыны үшін әскери борышты орындаудың үлгісі болып қала бересіздер, – деп атап өтті министр Руслан Жақсылықов.

Офицерлер құрметті қарауыл ротасының бойымен жүріп өтіп, әскери намыс пен даңқтың символы Жауынгерлік туға бастарын иді.

Харьков жоғары әскери авиациялық училищесінің түлегі авиация генерал-лейтенанты Нұрлан Орманбетов авиациялық полктің ұшқышы, аға ұшқышы болды. Авиациялық буынды, эскадрилья мен базаны басқарды. Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы ретінде Нұрлан Секенұлы қару-жарақ пен жауынгерлік техниканың жаңа үлгілерін сатып алу мен жаңғыртуға белсенді қатысты. Әскери бөлімдер мен құрамалардың жауынгерлік дайындығы мен жауынгерлік қабілетін арттыруға елеулі үлес қосты.

Қазақстан армиясында полковник Қайрат Жұмаев әскери училищенің курсантынан бастап Ұлттық қорғанысты басқару орталығының бастығы – Бас штаб бастығының орынбасарына дейінгі жолдан өтті. Осы Орталықты ұйымдастыру мен қалыптастыруға тікелей қатысты. Бұл қызметте ол әскерлердің іс-қимылдарының үйлесімділігіне ғана емес, сонымен бірге басқа мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды ұйымдастыруда да жоғары нәтижелерге қол жеткізді. 

Полковник Қайыржан Бимолдин әскери бөлім қаржы бөлімінің бастығынан Қорғаныс министрлігінің Зейнетақымен қамсыздандыру орталығының басшысына дейінгі жолдан өтті. Әскери зейнеткерлерді есепке алу және зейнетақы төлемдерін есептеу процесін цифрландыруға елеулі үлес қосты. Қайыржан Бержанұлының қаржы және әскери саладағы көп жылдық тәжірибесі бүгінгі күнге дейін сұранысқа ие. 

Түркия Республикасының Әскери академиясында алған білімі мен шет тілдерін жақсы білуінің арқасында полковник Алмасбек Жетібаев халықаралық қатынастар салсында қызмет атқарды. Сыртқы байланыстар басқармасының офицері, Халықаралық ынтымақтастық департаменті бастығының орынбасары, Түркияда әскери атташе болды. Хаттама басқармасының бастығы ретінде министрліктің хаттамалық және халықаралық іс-шараларын ұйымдастыруға және өткізуге де үлкен үлес қосты.

Халықаралық ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі үшін авиация генерал-лейтенанты Нұрлан Орманбетов медальмен наградталды. Көпжылдық мінсіз қызметі үшін полковниктер Қайрат Жұмаев, Қайыржан Бимолдин және Алмасбек Жетібаев Құрмет грамоталарымен марапатталды.

Іс-шара соңында қорғаныс ведомствосының басшысы офицерлердің бай тәжірибесі Қарулы Күштерде, азаматтық секторда, сондай-ақ өскелең ұрпақты әскери-патриоттық тәрбиелеу ісінде сұранысқа ие болатынына сенім білдірді.