Десанттық-шабуылдау әскерлерінің әскери қызметшілері медициналық даярлық курсынан өтті

Десанттық-шабуылдау әскерлерінің әскери қызметшілері медициналық даярлық курсынан өтті

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Әскери медицина орталығының тәжірибелі нұсқаушыларының жетекшілігімен 50-ге жуық десантшы бір апталық оқу курсынан өтті.

Осы уақыт ішінде бөлімше командирлерінен бастап қатардағы жауынгерлерге дейінгі әскери қызметшілер білікті шұғыл көмек көрсетуді үйренді. Медициналық дайындықтың негізгі міндеті – жараланған адамның жағдайын тұрақтандыру: жүрек-өкпе реанимациясын жүргізу, қан кетуді тоқтату, сынықты түзету.

– Статистикаға сүйенсек, ұрыс даласындағы іс-қимылда жараланғандардың 70%-ы қанды көп жоғалту салдарынан қаза болады екен. Қазіргі заманғы қарулы қақтығыстардың тәжірибесін ескере отырып, Қорғаныс министрі медициналық білімі жоқ әскери қызметшілерге арналған оқыту курсының бағдарламасын әзірлеуді тапсырды. Осыған байланысты біз 36 сағатқа есептелген курсты әзірледік, – деді Қорғаныс министрлігі Әскери медицина орталығының әскери буынды даярлау бөлімінің бастығы медициналық қызмет подполковнигі Бағдат Халмұратов.

Медициналық даярлау курстарындағы сабақтар адам анатомиясын, жараларды жіктеуді және қажетті жедел жәрдем әдістерін зерделеуден басталады. 36 сағаттық оқытудың 20%-ы теорияны үйренуге, ал 80%-ы іс жүзінде машықтануға арналған.

Парамедиктер жүрек-өкпе реанимациясын және әртүрлі сынықтарды имитациялайтын интерактивті тренажерларда жаттығады. Bluetooth құрылғысы арқылы манекендер ноутбукке немесе ұялы телефонға қосылды. Арнайы оқу бағдарламасы әскери қызметшінің іс-әрекетінің дұрыстығын бақылап, баға қойды.

– Бүгінгі таңда десанттық-шабуылдау әскерлерінде оқудан өткен бұл алғашқы топ. Алайда алдағы бірнеше жылда әскери бөлімдердің барлық жеке құрамын осындай курстарда оқыту жоспарда бар. Алғашқы дәрігерге дейінгі көмек көрсету дағдыларын меңгеру тек жауынгерлік жағдайда ғана емес, сонымен қатар өрт кезінде, көлік апатында және басқа да төтенше жағдайларда зардап шеккен азаматтарға көмектесуге қабілетті, – деді десанттық-шабуылдау әскерлерінің медициналық қызмет бастығы, медициналық қызметтің подполковнигі Назым Әшімов.

Жылына Қорғаныс министрлігінің Әскери медицина орталығы бір жарым мыңға жуық медицина мамандарын даярлай алады. Сабақтар заманауи оқу-материалдық базамен жабдықталған орталықтың өзінде ғана емес, сонымен қатар көшпелі циклда да ұйымдастырылады.
Курс аяқталғаннан кейін олар үш жылға жарамды сертификат алады. Құжат алғандар үйренген білімін тек әскерде ғана емес, сонымен қатар бейбіт тұрғындарға да көмек көрсете алады.

Биылдың өзінде нұсқаушылар Қазақстан Қарулы күштерінің барлық өңірлік қолбасшылықтарында сабақтар ұйымдастыру үшін алты көшпелі тренинг өткізуді жоспарлап отыр.