Словения астанасы Люблянада таэквондодан өтіп жатқан халықаралық турнир аяқталды. Оған әлемнің елуден астам елінен келген мыңның үстінде спортшы қатысты.
Әйелдер мен ерлер сегіз салмақ дәрежесінде бағын сынады. Еліміздің намысын екі жүзден астам спортшы қорғады.
ҚР Қарулы күштерінің қызметшісі Нұрбек Ғазиз 63 келіге дейінгі салмақта чемпион атанды. Ал 87 келіге дейінгі салмақта қола жүлде иеленгендер – ҚР Қарулы күштерінің қызметкері Бауыржан Хасенов, 87 келіден жоғары салмақта – Орталық спорт клубының әскери қызметшісі аға лейтенант Руслан Жапаров.
– Бұл турнир Әзербайжан астанасы Бакуде өтетін әлем чемпионатына үш кезеңдік іріктеудің бірі. Оған дейін Бельгия мен Австрияда да турнирлер өтеді. Бұл жарыста біздің спортшылар ерік-жігерін көрсетіп, келесі турға шығуға қол жеткізгенін атап өткім келеді, – деді Спорт комитеті – ҚР Қорғаныс министрлігі Орталық спорт клубының таэквондодан жаттықтырушысы Дархан Қыстаубаев.
Қазақстан командасы 5 алтын, 7 күміс және 13 қола медаль жеңіп алып, Slovenia open 2023 халықаралық рейтингтік турнирінде жалпыкомандалық есепте бірінші орынды иеленді.