Шартты қарсыластың әуе шабуылына тойтарыс берілді

Шартты қарсыластың әуе шабуылына тойтарыс берілді

Қарағанды облысындағы «Сарышаған» полигонында Әуе қорғанысы күштерінің Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері зениттік зымыран бөлімшелерінің жауынгерлік атыстары өтті.

Практикалық сабақтардың негізгі мақсаты жеке құрамның әскери және азаматтық инфрақұрылым нысандарына жасалған әуе шабуылдарына тойтарыс беру дайындығын тексеру болып отыр. Қолданыстағы қазіргі заманғы зениттік зымыран кешендері цифрлық радиолокациялық станциялармен жабдықталған. Бұл өз кезегінде туындаған қауіптерге шапшаң жауап қайтаруға мүмкіндік береді.

Оқу-жаттығудың мәніне сәйкес, радиолокациялық барлау қызметі әуе кемесі тектес ұшқышсыз ұшатын аппараттар мен қанатты зымырандарды байқағаннан кейін жауынгерлік есептоптар дайын емес позицияларға жылжыды. Кешендер өрістетіліп, шартты қарсыластың құралдары жойылды. Бұдан соң кері соққыны болдырмау мақсатымен неғұрлым тиімді позицияға шоғырланды.

 – Заманауи зениттік зымыран кешендерінің көмегімен біз нақты уақыт режимінде жауынгерлік ахуалды модельдедік. Ал жеке құрам бір мезгілде бірнеше шағын өлшемді төмен ұшатын әуе нысандарын табу, оларға ілесіп ұшу және жоюға арналған іс-қимылдарды пысықтады, – деп түсіндірді әуе шабуылына қарсы қорғаныс құрамасының командирі полковник Берік Молдақұлов.

Бұл секілді ұшқышсыз ұшу аппараттарын іздеу мен анықтау жаттығулары алғаш рет ұйымдастырылып отырғанына қарамастан, зениттік зымыран кешендерінің есептоптары күтпеген жерден әрекет етуде өздерінің тамаша қабілеттерін көрсете білді. Тәжірибелік сабақтар кезінде әскери қызметшілер жылдам ұшатын әуе нысандарын анықтап, жою бойынша бірнеше тапсырмаларды пысықтап, тиісті нормативтерді орындады.

Жауынгерлік атыстарға барлығы жүзге жуық әскери қызметші қатысып, оннан астам әскери техника жұмылдырылды.