Әскери топографтар кәсіби мерекесін атап өтуде

Әскери топографтар кәсіби мерекесін атап өтуде

Бүгін әскери топографтар кәсіби мерекесін атап өтуде. Қазақстан Қарулы күштерінің топографиялық қызметі Қорғаныс министрінің бұйрығымен 1992 жылғы 30 қаңтарда құрылды. Бұл әскерлердің қызметі бейбіт және соғыс уақытында топогеодезиялық мәліметтермен қамтамасыз етуге негізделген.

Жергілікті жер туралы өзекті ақпараттың болуы – қазіргі заманғы ұрыста әскерлердің нәтижелі іс-қимыл жасаудағы маңызды құрамдас бөлігі. Сондықтан карта әскерлерді тиімді басқаруға, жоспарлауға және шешім қабылдауға барлық деңгейдегі командирлердің бас көмекшісі болып табылады.

Оқу-жаттығуларды дайындау және өткізу, сондай-ақ әскерлердің оқу-жауынгерлік міндеттерін пысықтау үшін плацдармды дайындау жөніндегі міндеттер топограф мамандарсыз бітпесі анық .

Әскери топографтар бөлімшелерді жер туралы қажетті деректермен қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерін геоақпаратты жинап, өңдеудің заманауи техникалық құралдарымен жабдықталған спутниктік геодезиялық аспаптардың, арнайы жылжымалы кешендердің көмегімен атқарады. Тәжірибеге көлемді кескіндерді, виртуалды және толықтырылған нақты материалдарды әзірлеуге мүмкіндік беретін голографиялық әдістерді қолданады.

Топографтардың құралдарының қатарына телевизиялық, фотографиялық және инфрақызыл камерамен жабдықталған ұшқышсыз басқарылатын құрылғылар кіреді. Олардың көмегімен фото-бейне және топографиялық түсірілім, нақты уақыт режимінде аймақты барлау жүргізіледі. Алынған деректер жылжымалы орталықта аппараттық-бағдарламалық құралдарды пайдалана отырып өңделеді.

Аэрофотогеодезист, астрономогеодезист және картограф сияқты мамандықтар бойынша әскери мамандарды Можайский атындағы Санкт-Петербург қаласындағы әскери-ғарыш академиясында дайындайды. Қазақстанда осындай бейіндегі мамандар Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде, С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде және беріде Astana It University-нде оқытылады.

Әскери топографтардың жоғары кәсіби деңгейін 2022 жылы Ақмола облысының Щучинск қаласында өткен Армия халықаралық ойындарының «Меридиан» топогеодезиялық есептоптар байқауындағы жеңісінен бағамдауға болады.