Бокстан Азия чемпионатында әскер боксшылары «алтын» мен «қола» жүлде алды

Бокстан Азия чемпионатында әскер боксшылары «алтын» мен «қола» жүлде алды

Таиланд астанасы Бангкок қаласында 22 жасқа дейінгі бокстан Азия континентінің чемпионатында Орталық спорт клубының былғары қолғап шеберлері сәтті өнер көрсетті.

57 келіге дейінгі салмақтағы Қарулы күштердің қызметкері Махмұд Сабырханға ақтық сында тайландтық Саравут Суктхет шықты. Төрешілердің шешімімен жеңіс қазақстандық спортшыға беріліп, боксшымыз Азия чемпионы атанды.

Мерзімді қызметтегі сарбаз Талғат Сырымбетов пен тай боксшысы Родсук Футханет 60 келіге дейінгі салмақта жартылай финалда кездесті. Жекпе-жектің алғашқы секундтарында былғары қолғап шебері қарсыласын нокдаунға жібергенмен, сайыс соңында үш раундтың қорытындысы бойынша ақтық сайысқа жолдама тай спортшысына берілді. Осылайша, Қорғаныс министрлігі Орталық спорт клубының әскери қызметшісі Талғат Сырымбетов чемпионаттың қола жүлдегері атанды.