Даңқты қолбасшының құрметіне Қарулы күштерде челлендж өткізілді

Даңқты қолбасшының құрметіне Қарулы күштерде челлендж өткізілді

 

 

 

 

Қарулы күштерде аты аңызға айналған қолбасшы, әскери өнер жайлы танымал кітаптардың авторы, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлына арналған челлендж аяқталды. Оның қанатты сөздері мен нақыл сөздері қатардағы жауынгерден бастап генералға дейін жанына жақын, әрі тайға таңба басқандай нақты.

Қазақстандықтар ауқымды пікір қалдырған челлендж екі айға созылды. Оған барлық әскер түрлері мен тектерінің генералдары мен командирлері, келісімшарт бойынша әскерилер, мерзімді қызметтегі сарбаздар қатысты. Олар даңқты қолбасшының қанатты сөздері мен нақылдарын жатқа айтып, әлеуметтік желілерде бейнероликтер жариялап, эстафетаны басқа гарнизондардағы әріптестеріне жолдады.

Ұлы Отан соғысының сынағынан өткен жауынгер ретінде батыр Отан, ғалам, ақиқат, мақсат, адамгершілік, патриотизм, ерік пен батылдық сияқты маңызды тақырыптарды арқау еткен. Мұнда оның әскери стратег, ерекше ойшыл және психолог ретіндегі таланты толық көрінді.

Әскери қызметшілер мәнерлеп айтқан қанатты сөздер тек әскери ғылымға ғана емес, халыққа да, жалпы адам өміріне де арналды: "Отанды сүю дегеніміз – ата-анаңды, бауырларыңды, туған жеріңді сүю!", "Отан үшін отқа түс – күймейсің", "Армияда адамның терең қадір-қасиетіне негізделген қатаң тәртіп болуы керек" дейді. Жауынгерлік атақ дегеніміз тәртіп пен батылдықтан, шеберліктен, денсаулықтан, күш-қуаттан, сергектіктен пайда болады", "Әскерсіз қолбасшы дәрменсіз, қолбасшысыз әскер әлсіз".

24 желтоқсан – қазақтың ұлы қолбасшысының туған күні. Бүгін еліміздің түкпір-түкпірінде әскери қызметшілер, Қарулы күштердің ардагерлері, "Жас сарбаз" әскери-патриоттық қозғалысының өкілдері аты аңызға айналған батырдың ескерткішіне салтанатты түрде гүл шоқтарын қою рәсімдеріне қатысты. Батырдың есімі ауылдарға, көшелер мен мектептерге берілген. Ол туралы талай фильмдер түсіріліп, көптеген кітаптар жазылды.

Ел армиясының әскери қызметшілері қазақтың біртуар даңқты ұлын еске алуда. Оның "Соғыс психологиясы" еңбегі – әскердегі әр командирдің үстелінде тұр. Бауыржан Момышұлының өмір жолы – халыққа жанқиярлықпен қызмет етудің нағыз үлгісі.