Әскери қызметшілердің әлеуметтік мәселелері қорғаныс ведомствосының басты назарында

Әскери қызметшілердің әлеуметтік мәселелері қорғаныс ведомствосының басты назарында

Астанада күштік құрылым өкілдерінің қатысуымен әскери қызметшілерді әлеуметтік қамтамасыз етуге қатысты мәселелерді пысықтаған кеңес өтті.

Онда Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықовтың Отан алдындағы борышты өтеуде ортақ міндеттерді орындайтын әскери қызметшілер мен күштік құрылымдар қызметкерлерінің ақшалай үлес мөлшерін теңестіру туралы ұсынысы талқыланды. Одан өзге әскери оқу орындарындағы азаматтық оқытушылардың, медицина қызметкерлерінің және жалпы азаматтық персоналдың жалақысын көтеру қажеттілігіне назар аударылды.

Ұсыныстар пакетінде келісімшарт бойынша әскери қызметшілердің, яғни қатардағы және сержанттық құрамның жалақыларының тарифтік санатын үш разрядқа арттыру мәселесі де бар.

Әскери қызметшілерге тұрғын үй және зейнетақы заңнамасы саласындағы әлеуметтік кепілдіктерді нығайту, оның ішінде әскери қызметшілердің әйелдерінің шалғайдағы гарнизондарда жұмысқа орналасу проблемасын ескере отырып, олардың жұмыс өтілін есептеу мүмкіндіктері қаралды.

Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов осы жылдың 30 қарашасында Қорғаныс министрлігінде өткен Парламент Мәжілісі Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің көшпелі отырысын еске салды. Онда депутаттар бірқатар бастамаларға қолдау көрсеткен болатын.  

Өзекті мәселелерді қарауға Мемлекеттік күзет қызметінің, Төтенше жағдайлар министрлігінің, Бас әскери прокуратураның, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің және Ұлттық ұланның өкілдері қатысты. Кеңес қорытындысы бойынша әзірленген ұсыныстар Қауіпсіздік Кеңесінің қарауына жіберілетін болады.