Қорғаныс министрлігі Freedom компаниялар тобымен ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды

Қорғаныс министрлігі Freedom компаниялар тобымен ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды

Алматыда өткен шарада екіжақты ынтымақтастық туралы құжатқа Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев пен Freedom Holding Corp бас атқарушы директоры Тимур Турлов қол қойды.

Меморандум қорғаныс ведомствосының ақпараттық ресурстарын дамыту саласында әріптестік қатынастар орнатуды, Алматыдағы Армия үйінің инфрақұрылымына қолдау көрсетуді көздейді. Сонымен бірге қорғаныс ведомствосының инновациялық жобаларын орындау сапасын арттыруға бағытталған.

– Жаңа технологиялар қызметтің барлық салаларына тез енуде. Бүгін біз Freedom компаниялар тобымен қол қойған Меморандум көптеген бағыттарды қамтиды және Қарулы күштердің имиджін нығайтуға, әскери-патриоттық тәрбиені дамытуға, инновациялық жобалар мен өнімдерді енгізуге жұмыс істейтін болады, – деп түсіндірді Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев.

Тараптар қорғаныс ведомствосының Қарулы күштердің қызметіне байланысты оқиғаларды жариялайтын, армия мен оның үздік өкілдерінің жетістіктері туралы баяндайтын медиаресурстарын ілгерілету және дамыту туралы уағдаласты.

Алматыдағы Армия үйінің архитектуралық келбетін сақтаудың тарихи маңыздылығы мен қажеттілігіне байланысты тараптар нысанды жөндеу мен қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге бірлескен күш-жігер жұмсамақ.

Бұдан басқа, құжатта басым инновациялық жобаларды бірлесіп әзірлеу және оларды енгізу үшін жағдайлар жасау көзделген. Сондай-ақ ғылыми-практикалық конференцияларға, форумдар мен семинарларға қатысу, қоғамдық ұйымдармен және сарапшылар қауымдастығымен өзара іс-қимыл жасау көзделеді.