Астанада қару-жарақты бақылауға арналған халықаралық семинар өтті

Астанада қару-жарақты бақылауға арналған халықаралық семинар өтті

Аталмыш шара 2011 жылғы Сенім мен қауіпсіздік шаралары туралы Вена құжаты аясында Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Қару-жарақты бақылау және инспекциялауды қолдау орталығының іс-шаралар жоспарына сәйкес ұйымдастырылды.

Ұлттық қорғаныс университетінде өткен семинарға сарапшылар мен нұсқаушылар ретінде ҚР Қорғаныс министрлігі Қару-жарақты бақылау және инспекциялау орталығының офицерлері, ЕҚЫҰ-ға мүше елдер – Беларусь, ГФР және Францияның тексеру орталықтарының өкілдері қатысты.

Аймақтық семинарға одан өзге Әзербайжан, Қырғызстан, Моңғолия, Тәжікстан және Түркіменстан елдерінің әскери-дипломатиялық корпусының өкілдері, Ұлттық қорғаныс университеті мен Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессорлық-оқытушылар құрамы қатысты.

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Руслан Шпекбаев, Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар кеңсесі басшысының орынбасары Юрий Фенопетов, сондай-ақ ЕҚЫҰ, АӨСШК хатшылықтарының және ҚР Сыртқы істер министрлігінің өкілдері сөз сөйледі.

Іс-шара барысында ЕҚЫҰ-ның әскери-саяси өлшемі, жыл сайын әскери ақпарат, хабарламалар алмасу және ұйымға мүше мемлекеттердің өзара инспекциялық қызметін қамтамасыз ету туралы Вена құжатының ережелерін жүзеге асыру мәселелері төңірегінде сарапшылардың дәрістер топтамасы айтылды.

Семинардың теориялық бөлімінің соңында Қарағанды қаласының Н. Әбдіров атындағы авиабазаға тәжірибелік-оқыту сапары жасалды.