Қорғаныс министрлігінің өкілдері Атырау облысы Мақат ауданының жастарымен кездесу өткізді

Қорғаныс министрлігінің өкілдері Атырау облысы Мақат ауданының жастарымен кездесу өткізді

Қорғаныс ведомствосының ақпараттық-түсіндіру тобы Атырау облысындағы жұмыс барысында Мақат ауданында болып, мектеп оқушыларымен, әскерге шақыру жасына дейінгі және әскерге шақырылушы жастармен іс-шаралар өткізді.

Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің бастығы генерал-майор Серік Борамбаев Доссор кентінде Ораз Сарғұнанов атындағы орта мектеп оқушыларымен ерлік сабағын өткізді. Әскери қызметшілер оқушыларға Отан қорғаушылардың күнделікті өмірі мен кәсіби әскери қызметшілерді даярлайтын оқу орындары туралы айтып берді. Құрмет қарауыл ротасы қарумен дефиле көрсетті, ал әскери оркестр салтанатты марштарды және танымал эстрадалық композицияларды орындады.

«Smart sarbaz» мамандандырылған сыныбы оқушыларымен әңгімелесу барысында қазіргі білім берудің ел болашағы үшін маңызы атап өтілді.

– Бүгінгі жастар «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының қолдауымен Отанға қызмет ету ісіне араласып қана қоймай, жоғары технологияларды меңгеріп жатқаны қуантады. Бұл ел Президентінің Жолдауында айтылған гүлденген ел, әділ Қазақстанды құру идеяларын табысты іске асырудың кепілі болып табылады, – деп атап өтті генерал-майор Серік Борамбаев.

Мақат ауданының әкімшілік орталығында ақпараттық-түсіндіру тобы әкімнің орынбасары Бекәділ Жайқинмен бірге жергілікті тұрғындармен кездесу өткізді. Жастарға Қарулы күштерге шақыру тәртібі, мерзімді әскери қызмет өткеру ерекшеліктері, сондай-ақ әскери оқу орындарына түсу мүмкіндіктері туралы айтылды.

Кездесу Мақат ауданының тұрғындары үшін Ұлттық әскери-патриоттық орталығы арнайы дайындаған концертпен аяқталды.