Атырау облысында қорғаныс ведомствосы ақпараттық-түсіндіру тобының жұмысы жалғасуда

Атырау облысында қорғаныс ведомствосы ақпараттық-түсіндіру тобының жұмысы жалғасуда

 Қорғаныс министрлігі әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелеріне, әскерге шақырылуға дейінгі және әскерге шақырылатын жастарға, сондай-ақ Атырау қаласының тұрғындарына ақпараттық-түсіндіру сипатындағы іс-шаралар ұйымдастырды.

Жұмыс тобы тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаменті бастығының жетекшілігімен қалалық Жеңіс саябағындағы ескерткішке гүл шоқтарын қойып, Қасым Қайсенов атындағы №33 орта мектептің оқушыларына ерлік сабағын өткізді.

 Оқушыларға әскери қызметтің қыр-сыры мен кәсіби әскери қызметші болу үшін не істеу керектігі жайлы айтылды. Сонымен қатар Қарулы күштер үшін офицерлер мен сержанттарды дайындайтын әскери оқу орындары да таныстырылды. Құрмет қарауыл ротасы балаларға саптық тәсілдерді орындау кезінде айқындық пен үйлесімділікті, ал десантшы жауынгерлер жекпе-жек тәсілдерін көрсетті. Оқушылар да өз кезегінде әскери қызметшілерге жас патриоттар робототехника негіздерін үйреніп жүрген «Smart sarbaz» сыныбын таныстырды.

Облыстық драма театрында ақпараттық-түсіндіру тобы қала тұрғындары, әскери қызметшілер және олардың отбасы мүшелерімен кездесу өткізді. Шара аясында Атырау облысынан 2022 жылдың көктемінде әскерге шақырылған үздік жауынгерлерге құрмет көрсетілді.

– Алдымызда тұрған матрос Ернар Мәдиев Әскери-теңіз базасында, ал қатардағы жауынгер Бейбарыс Хайрошев теңіз жаяу әскері бригадасында қызмет етіп жүр. Олар әскери оқу-жаттығуда жоғары нәтижелерге қол жеткізді, ал бүгінде ынталандыру ретінде үйлеріне қысқа мерзімге демалыс алды. Қорғаныс министрлігі басшылығының атынан жауынгерлердің ата-аналарына лайықты азамат тәрбиелегені үшін ризашылығымызды білдіріп, жастарды осындай нағыз Отан қорғаушылардан үлгі алуға шақырамын, – деп атап өтті генерал-майор Серік Борамбаев.

Кеш Ұлттық әскери-патриоттық орталығы шығармашылық ұжымының концертімен жалғасты. Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев әскери қызметшілерге елдің ашық аспан астында бейбіт өмір сүруіне қосқан үлестері үшін алғысын білдіріп, сәттілік тіледі.