Астанада «Батырларға тағзым. Мәңгілік есімізде» атты ІІ халықаралық конференция өтуде

Астанада «Батырларға тағзым. Мәңгілік есімізде» атты ІІ халықаралық конференция өтуде

Аталған шара Қорғаныс министрлігінің қолдауымен Atamnyn Amanaty қоғамдық бірлестігінің бастамасымен ұйымдастырылып отыр.

Конференция жұмысына екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушы елдер елшіліктерінің, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Молдова, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан мемлекеттері іздестіру қозғалыстарының өкілдері, Қазақстан Қарулы күштері мен ІІМ-нің ардагерлері, әскери тарихшылар мен шежірешілер қатысты

Қорғаныс министрлігі Әскери білім және ғылым департаментінің бастығы генерал-майор Жұмабек Ахметов іздеушілерге зор ризашылығын білдірді. Ол олардың күш-жігерінің арқасында биылғы маусым айында елімізге төрт қазақстандық жауынгер Петр Фоменконың, Төлеген Үркербаевтың, Николай Гуровтың және Қалей Дүзбаевтың сүйектері жеткізілгенін атап өтті. Тасымалдау және қайта жерлеу іс-шараларын Қорғаныс министрлігі Atamnyn Amanaty қоғамдық бірлестігімен бірлесіп ұйымдастырды.

 – Ұлы Отан соғысы Қазақстан халқы үшін де үлкен сынақ болды. Қазақстандықтардың ерлігі ұрпақ жадында мәңгі сақталады. Бүгінгі Отан қорғаушылары үшін жанқиярлық ерлік пен қайсарлықтың, Отанға деген сүйіспеншіліктің үлгісі болып қала береді, – деп атап өтті генерал-майор Жұмабек Ахметов.

Екі күндік конференцияның қорытындысы бойынша іздестіру жасақтарының өзара іс-қимылы, жастарға Ұлы Отан соғысына қатысушылардың ерлігі рухында әскери-патриоттық және рухани-адамгершілік тәрбие беруді ұйымдастыру туралы ұсыныстар дайындалатын болады.