Мерзімді әскери қызметін өтегендерге жоғары білім алуға жеңілдік берілетін болады

Мерзімді әскери қызметін өтегендерге жоғары білім алуға жеңілдік берілетін болады

Қорғаныс министрлігі Ғылым және жоғары білім министрлігімен, сондай-ақ еліміздің жетекші жоғары оқу орындарымен бірлесіп, азаматтардың мерзімді әскери қызметін өтеуге ынтасын арттыру мақсатында жаңа жобаны жүзеге асыруға бастама көтерді. 

Ол мерзімді әскери қызмет өткерген барлық азаматтарға әңгімелесу нәтижелеріне қарай Ұлттық бірыңғай тестілеуді есепке алмай, әскери борышын өтеген соң екі жыл ішінде ақылы негізде жоғары оқу орындарына түсуге мүмкіндік береді. Бұл тұрғыда әскери қызметтің белгіленген мерзімін аяқтаған соң олардың күнтізбелік кезеңде оқуға түсу мүмкіндігі талқылану үстінде. Ал жоғары оқу орындарының әскери кафедрасында мерзімді әскери қызметін өтегендердің барлығы емтихансыз және тегін оқи алады.

Жеке қасиеттеріне, үлгілі тәртібіне және мерзімді әскери қызметін өтеу кезінде жауынгерлік даярлық нәтижелері бойынша үздік шыққан жекелей әскери қызметшілерге жоғары оқу орны есебінен тегін жоғары білім алу мүмкіндігі берілетін болады. 

Мұндай жастарға Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орындарына күнтізбелік кезеңде емтихансыз және ҰБТ-ны есепке алмай-ақ оқуға түсу мүмкіндігі жасалмақ. 

Әскери қызметшілердің Отан алдындағы борышын өтеген балаларына әскери оқу орындарына емтихансыз түсу және азаматтық жоғары оқу орындарында тегін оқу құқығына басымдық беріледі деп отыр. 

Жобаны іске асыру білім беру саласындағы заңнамаға өзгерістер енгізуді талап етпейді. 

Еліміздің барлық өңіріндегі қырыққа жуық жоғары оқу орны әскери борышын өтеген азаматтарға білім алуға жеңілдіктер беру туралы бастаманы қолдады. 

Өз кезегінде Қорғаныс ведомствосы министрдің бұйрықтарымен бекітілетін тиісті ережелерге өзгерістер енгізу жұмыстарын бастап кетті. Жобаны іске асыру 2023 жылдан басталады.  Мұндай жеңілдіктер қазіргі уақытта борышын өтеп жүрген азаматтарға және 2022 жылы әскерге шақырылуға жататын сарбаздарға берілетін болады.