Қазақстан Халықаралық армия ойындарының кезекті байқауында жеңіске жетті

Қазақстан Халықаралық армия ойындарының кезекті байқауында жеңіске жетті

Халықаралық армия ойындарының «Артиллериядан оқ ату шеберлері», «Меридиан» және «Тактикалық мерген» байқауларындағы жеңістерінен кейін қазақстандық әскери қызметшілер «Бейбітшілік жауынгері» зияткерлік-кәсіби сайысында да бірінші орынды олжалады.

Армян жеріндегі Дилижан полигонында қазақстандық команда құрамы аға сержанттар Дархан Аслан, Бектөре Назашов, Тұрар Тілегенов және қатардағы жауынгер Назира Әлбосынова Армения, Беларусь және Ресей елінен келген қарсыластарын басып озып, жарыстың алтын жүлдесін жеңіп алды.

Сайыстың нәтижесі «Ратник» қорытынды кезеңінде шешілді. Қазақстандық әскери қызметшілер ерлер арасындағы әскери-қолданбалы пәндер жарысында да жеңіске жетті.  Қатардағы жауынгер Назира Әлбосынова әскери-медициналық жарыста үздік нәтиже көрсетіп, атыс даярлығының жаттығуларын сәтті орындап шықты. Бұл кезеңдегі жеңіс қазақстандық командаға байқау тұғырының жоғары сатысына көтерілуге мүмкіндік берді. Жалпыкомандалық есепте екінші орынды Ресей әскери қызметшілері еншілеп, Беларусь елінің өкілдері үздік үштікке енді.

Әзербайжан Республикасындағы әскери теңізшілердің «Теңіз кубогы» байқауының сайыстары да аяқталды. Барлық кезеңдердің қорытындысы бойынша қазақстандық команда екінші орында тұр. Бірінші орынды Әзербайжан мен Ресейдің әскери қызметшілері өзара бөлісті.

Кабардино-Балкарияда өтіп жатқан «Эльбрус шеңбері» байқауы жалғасуда. Табанды бәсекелестікте қазақстандық әскери қызметшілер жаттығуларды орындаудан Ресей мен Өзбекстан жауынгерлерінен сәл артта қалып, үшінші орынға тұрақтады. Төртінші және бесінші орындарды Қытай мен Үндістан командалары иеленді. Байқау нәтижелері командалар арасындағы соңғы жарыс – Эльбрус шыңына шығудан соң анықталатын болады. 

Мәскеу маңындағы «Алабино» полигонында қазақстандық танкистер «Танк биатлоны» байқауының ақтық мәресіне өтпей қалды. Жартылай финалдық эстафета қызықты әрі тартысты жағдайда өтті. Жарыс барысында көшбасшылар бірнеше рет өзгерді. Өкінішке қарай, Қазақстан құрамасы мәреге жетер алдында Қытай командасына жол беріп, Халықаралық армия ойындарының жабылу күні өтетін финалға шықпайтын болды.