Ведомствоаралық комиссияның жаңартылған жобасы қаралды

Ведомствоаралық комиссияның жаңартылған жобасы қаралды

Қорғаныс ведомствосында Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдиновтың басшылығымен Мемлекеттік күзет қызметі, ҰҚК Шекара қызметі, Ұлттық ұлан және Төтенше жағдайлар министрлігі өкілдерінің қатысуымен ведомствоаралық кеңес өтті. 

Ел Президентінің әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығын сақтау жөніндегі тапсырмасын іске асыру шеңберінде Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов ағымдағы жылдың маусым айында «Өмірді сақта» бағдарламасын әзірлеу туралы бастама көтерген болатын. 

Қорғаныс ведомствосында өткен кеңесте генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов ведомствоаралық құжатты қабылдау кезінде бірыңғай практикалық тәсілдерді әзірлеу қажеттігіне назар аударды.  

– Бағдарламаның басты мақсаты – жеке құрамның өмірі мен денсаулығын сақтау. Ол әскери ортада жарақаттану мен өлімді азайтуға бағытталған бірқатар шараларды қарастырады, – деп атап өтті министрдің орынбасары.

Кездесуге қатысушылардың назарына әскерлерден келіп түскен ұсыныстармен толықтырылған бағдарламаның жаңартылған жобасы ұсынылды. Оны талқылауға күштік құрылымдардың өкілдері қатысты. 

«Өмірді сақта» бағдарламасын дайындау жөніндегі жұмыс тобына депутаттар, Орталық мемлекеттік органдардың, әлеуетті құрылымдар мен қоғам өкілдері кіреді. Әзірлеушілер мен жиналысқа қатысушылар қолдаған ұсыныстар енгізілгеннен кейін бағдарламаның түпкілікті редакциясы қабылданады. 

Құжат ведомстволардың бірлескен бұйрығымен бекітілетін болады. Оны іске асыру әскери ұжымдарда салауатты моральдық-психологиялық ахуалды қалыптастыруға, қоғамның әскерге деген сенімін арттыруға ықпал ететін болады.