Армияның әуе қырандары кәсіби шеберлігін шыңдауда

Армияның әуе қырандары кәсіби шеберлігін шыңдауда

Алматыдағы ҚР ҚК ӘҚК Әскери-әуе күштерінің авиациялық базасында таулы жерлердегі оқу-жаттығу ұшулары өтуде.

Сабақтар жауынгерлік дайындық курсының аса күрделі жаттығуларын орындау кезінде оқытудың бірыңғай әдістемесін жасау үшін маңызды. 

– Біздің іс-қимылда қателікке жол жоқ. Сондықтан ұшу құрамының шеберлігі мен машығын арттырумен үнемі айналысамыз. Ұшу тақырыптары әртүрлі. Күндіз де, түнде де түрлі ауа-райында күрделі және қарапайым пилотаж жүргіземіз. Сондай-ақ авиациялық зақымдау құралдарын қолдана отырып, оқу-жауынгерлік тапсырмаларын орындаймыз, – деді Алматы авиациялық базасының командирі подполковник Амангелді Мәкішев. 

Жаттығу ұшулары барысында экипаждар биік таулы аймақтарға ұшып көтерілу мен қонуды, шатқалдардан ұшып өтуді орындайды, 2000-нан 3000 метрге дейінгі биіктіктегі асулардан өтеді.

Осындай ұшу жаттығулары Ми-35М соққы беруші және Ми-17  көліктік-жауынгерлік тікұшақтарында жүргізіледі. Жүктелген оқу-жауынгерлік тапсырмаларды орындауға 20-дан астам әскери ұшқыштар мен инженерлік-техникалық саланың мамандары жұмылдырылды.