Әуе қорғанысы күштерінің сержанттары кәсіби шеберліктерін жетілдіруде

Әуе қорғанысы күштерінің сержанттары кәсіби шеберліктерін жетілдіруде

Жетіген гарнизонында еліміздің Әуе қорғанысы күштеріҰлттық қауіпсіздік комитеті және Ұлттық ұлан әскери бөлімдерінің сержанттар құрамы курстық даярлықтан өтіп жатыр

Курстық даярлық Әуе қорғанысы күштерінің кіші мамандарын даярлайтын бірегей оқу-жаттығу орталығында ұйымдастырылып отыр. Бұл жерде келісімшарт бойынша әскери қызметшілерді инженерлік-авиациялық қызмет, ұшуды қамтамасыз ету құралдарын пайдалану және жөндеу, байланыс және радиотехника мамандықтарына оқытады. 

Курстық даярлықтың мақсаты – әскери қызметшілердің кәсіби деңгейін арттырып, практикалық дағдыларын жетілдіру және дене даярлығын жақсарту. 

–  Оқу процесі Әскери-әуе күштері мен Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің кіші мамандарын даярлайтын екі мектепте 15 мамандық бойынша өткізіледі. Оқу ұзақтығы бір жарым ай, – дейді  қызмет бастығы – оқу-әдістемелік бөлімнің оқытушысы подполковник Самғат Күшқалиев.   

Оқу-жаттығу орталығында жаттықтыру кешендері, зертханалық-оқу сыныптары, әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің ұшу аппараттары мен техникаларының модельдері бар. Мамандығы бойынша практикалық дағдыларды пысықтауға мүмкіндік беретін тиісті материалдық-техникалық базамен жабдықталған.

Сабақты тәжірибесі мол, білікті мамандар жүргізеді. Осы жылдар ішінде орталық үш мыңнан астам кіші буын мамандарын даярлап шығарды.