Бұл күн Мемлекет басшысының 1996 жылғы 18 шілдедегі «Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің әскери рәміздері туралы» Жарлығына сәйкес атап өтіледі.
Әскери нышандарда терең патриоттық, рухани-адамгершілік мән-мағына жатыр. Оларға әскер түрлерінің жалаулары, әскери бөлімдердің жауынгерлік тулары және Қарулы күштердің нышаны (эмблемасы) жатады. Эмблема бес бұрышты жұлдыз түрінде жасалған. Жұлдыздың ортасында алтын түстес нақышпен жиектелген шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген.
Құрлық әскерлерінің, Әуе қорғанысы күштерінің, Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің және Әскери-теңіз күштерінің тулары ерлік пен даңқты, әскери ұжымның бауырластығы мен бірлігі идеяларын білдіреді.
Жауынгерлік тудың жанында Отанына адал болуға ант береді. Аталған жәдігер әрбір әскери қызметшіге Отан үшін жанын аямай, өмірін қиюға дайын болуы қасиетті парыз екенін білдіреді.
Оқу-жауынгерлік және мемлекеттік-құқықтық даярлықта көзге түскен әскери оқу орындарының офицерлері, әскери қызметшілері мен курсанттары бөлімнің үлкен жауынгерлік туының жанында суретке түсу құрметіне ие болады.
Әскери нышан арқылы Қарулы күштердің мемлекетке тиесілігі екенін айқындалады. Онда Отан қорғаушының ұлттық ерекшелігі мен халықтың рухани құндылықтары бейнеленген.
Әскери рәміздер моральдық-жауынгерлік рухты және жеке құрамның елдің аумақтық тұтастығы мен егемендігін қорғау жөніндегі міндеттерді орындауға дайындығын арттырудың пәрменді құралы ретінде қызмет етеді.