Алматыда ТМД Қарулы күштерінің ІІІ әскери-спорттық ойындары басталды

Алматыда ТМД Қарулы күштерінің ІІІ әскери-спорттық ойындары басталды

Байрақты бәсеке Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер Қорғаныс министрлері кеңесінің 30 жылдығына арналып отыр.

Жарысқа Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстаннан 250-ден астам әскери қызметші қатысады.

– Әскери қызметшілер арасындағы спорттық жарыстың біздің мемлекеттердің армиялары арасындағы ынтымақтастықты дамытуда маңызы зор. Ойын барысында жауынгерлер тек шеберліктерін шыңдап қана қоймайды, дене шынықтыру мен спортты ұйымдастыруда тәжірибе алмасып, әртүрлі елдердің әскери қызметшілері арасындағы достық қатынастарды нығайтады. Әділ және ымырасыз күресте тек мықтылар ғана жеңіске жетсін, – деді Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Алмаз Жұмакеев.

Ойындарды ұйымдастыруға әскери-қолданбалы спорт түрлері бойынша Ұлттық санаттағы төрешілер, Қазақстан Қарулы күштері бөлімдері мен мекемелерінің дене дайындығы бастықтары, әскери жоғары оқу орындарының бейінді кафедраларының оқытушылары тартылып отыр. Жарысты өткізу үшін спорт залдары, ҚМ Орталық спорт клубының стадионы, «Іле» оқу полигоны, «Алатау» биатлон кешені және басқа да спорттық нысандар дайындалған.

– Білікті төрешілер бригадасын құрылды. Барлық спорт нысандары мен құрылыстары жарыстың басталуына дайын. Судьялар, медициналық және техникалық қызметкерлер әзірліктен өтті. Спортшыларға мақсатқа жетуде табандылық, жауынгерлік рух және жарқын жеңістер тілеу ғана қалды, – дейді Қорғаныс министрлігі Орталық спорт клубы – Спорт комитетінің бастығы Олимпиада чемпионы, Еңбек сіңірген спорт шебері Ольга Шишигина.

Әскери спортшылардың халықаралық ойындары бағдарламасында армиялық қоян-қолтық ұрыс, штаттық қарудан ату, әскерилендірілген кросс, офицерлік үшсайыс және кір қоссайысы б)ар.

Жарыстарға ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Қарулы күштерінде міндетті әскери қызметте тұрған спортшылар қатыса алады. Достастық елдерінің алдыңғы әскери-спорттық ойындары Ресей мен Қырғызстанда өткен болатын.