Арнайы операциялар күштерінің Парашюттік даярлық орталығында жеке-командалық біріншілікке классикалық парашют спорты мен топтық парашют акробатикасынан Қазақстан Республикасы мен Қарулы күштердің 29-шы ашық чемпионаты өтіп жатыр.
Аталған сайысқа Арнайы операциялар күштерінің, Десанттық-шабуылдау әскерлерінің, Әскери-әуе күштерінің, Ұлттық ұланның, «Отан» ҚБ республикалық аэроклубының, Қарағанды қаласының авиациялық құтқару-іздестіру орталығының, Батыс Қазақстан облысы Орал қаласының мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорттық-техникалық мектебінің командалары қатысуда. Барлығы 17 команда, олардың ішінде халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері, спорт шеберлері мен шебер атағына үміткерлер, разрядты спортшылар да бар.
– Қарулы күштердің басшылығы әскерлердің жауынгерлік даярлығының тірегі саналатын әскери-қолданбалы спорт түрлерін дамытуға мүдделі. Солардың бірі – парашют спорты. Чемпионат барысында тиісті қауіпсіздік шаралары сақталып, жоғары деңгейде өтеді деп сенемін. Сайыс әділ өтіп, нағыз мықтылар жеңіске жетсін, - деді ҚРҚК Арнайы операциялар күштерінің қолбасшысы полковник Болат Жорабаев.
Алғашқы болып парашютпен секірген Арнайы операциялар күштерінің қолбасшысы Болат Жорабаев жарысты ашып берді.
Сайыста мықтылығын сынаушылар қону дәлдігін белгілеп, 900-1200 метр биіктіктен жеке және топтық секірулерді және 2200-2500 метр биіктіктен жеке және топтық акробатикалық секірулер орындайды.
Чемпионаттың қорытындысына сәйкес парашют спортынан Қазақстан мен Қарулы күштердің құрама командалары жасақталады.