Парламент әскери қызметшілерді БҰҰ-ның бітімгерлік миссияларына жіберуді мақұлдады

Парламент әскери қызметшілерді БҰҰ-ның бітімгерлік миссияларына жіберуді мақұлдады

Мемлекет басшысының Қазақстан Қарулы күштерінің Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгершілік миссияларына қатысуын кеңейту мәселесі жөніндегі үндеуі елдің заң шығарушы органы палаталарының бірлескен отырысында қаралды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың үндеуінің мәтінін Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов айтты. Онда өңірдегі және әлемдегі соңғы оқиғалар әскери қызметшілердің машығын нығайту және қажетті практикалық жауынгерлік тәжірибе алмасу мәселесін өзектендіретіні атап өтілді. 

Осы орайда Қазақстан Конституциясының 53-бабы 5) тармақшасының негізінде Президент Парламенттің қарауына БҰҰ-ның миссиясына бітімгерлік контингентті жіберу туралы ұсыныс енгізді.

Қазақстандық бітімгерлердің штабтық офицерлер, әскери байқаушылар ретінде, сондай-ақ мамандандырылған жаяу әскер, медициналық, барлау, инженерлік бөлімшелер және әскери полиция құрамында қатысуы жобаланып отыр. 

Соңғы жылдары бітімгерлік миссияларға баратын контингенттің қысқарғаны байқалуда деп айтылды үндеуде. Сонымен қатар, бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау жөніндегі операцияларға қатысу үшін әскери қызметшілерді жібергісі келетін елдер арасында да бәсекелестік артып келеді. 

Сондықтан бөлімшелер, миссиялар және өрістету мерзімдері бойынша нақты мәліметтер Біріккен Ұлттар Ұйымының Хатшылығымен келіссөздердің қорытындыларынан соң ғана пайда болады.

БҰҰ-ның Орталық Африка Республикасындағы; Конго Демократиялық Республикасындағы; Малидегі тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі көп бейінді кешенді миссиясына қатысу мүмкіндігі пысықталуда. Сондай-ақ қазақстандық әскери қызметшілердің шетелдік бітімгершілік контингенттердің құрамында да, дербес өрістету арқылы да «БҰҰ-ның Ливандағы уақытша күштері» миссиясына қатысуын жалғастыруы орынды.

Миссия атқаруға кандидаттарды іріктеу бітімгерлік даярлықтан өткен Қарулы күштердің әскери қызметшілері қатарынан ерікті түрде жүзеге асырылады. 

Контингентті БҰҰ-ның бітімгершілік миссияларына жіберу әскери қызметшілердің жауынгерлік тәжірибе жинақтауына, Қарулы күштердің жауынгерлік даярлығын жетілдіруге және оларды нығайту жөнінде ұсыныстар әзірлеуге ықпал ететін болады.

Анықтама ретінде: 2014 жылдан бастап 45 қазақстандық офицер БҰҰ-ның Батыс Сахарадағы, Кот-д' Ивуардағы және Ливандағы миссияларына әскери байқаушылар және штабтық офицерлер ретінде, 2018 жылдан бастап 520 қазақстандық әскери қызметші – бітімгерлік бөлімше құрамында «БҰҰ-ның Ливандағы уақытша күштері» миссиясына қатысты. 

Бүгінгі таңда БҰҰ-ның Батыс Сахарадағы миссияларында және «БҰҰ-ның Ливандағы уақытша күштерінде» 6 және 9 қазақстандық әскери қызметші қызмет атқарып жүр.