Санитариялық-эпидемиологиялық саладағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізіліміне өзгерістер енгізіледі

Санитариялық-эпидемиологиялық саладағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізіліміне өзгерістер енгізіледі

Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің Бас әскери-медициналық басқармасы «Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2020 жылғы 10 шілдедегі № 322 «Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттік қызметтер көрсету қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына өзгерістер енгізу туралы» Қорғаныс министрі бұйрығының жобасын әзірледі.

Түзетулер «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізілімін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің міндетін атқарушының 2020 жылғы 31 қаңтардағы № 39/НҚ бұйрығының өзгеруіне байланысты әзірленіп отыр.

Осыған байланысты «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 13-бабының талаптарын ескере отырып, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы қағидаларға қатысты Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің
2020 жылғы 10 шілдедегі бұйрығы қайта қаралды.

Тізілімдегі өзгерістер тамақтану, сумен жабдықтау, санитариялық қорғау аймақтарын, санитариялық күзет аймақтарын зиянды заттардың шекті жол берілетін шығарындылары мен төгінділерін айқындауға қатысты объектілер мен жобаларға санитариялық-эпидемиологиялық қорытындылар беру бойынша мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің кіші түрлерін нақтылайды.

Бұйрық жобасының толық мәтінімен интернет-порталдағы ашық нормативтік құқықтық актілер бөлімінде 13 шілдеге дейін келесі сілтеме бойынша танысуға болады: https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=14138538