Қорғаныс министрі журналистерді кәсіби мерекесімен құттықтады

Қорғаныс министрі журналистерді кәсіби мерекесімен құттықтады

Бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері күні қарсаңында Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов республикалық телерадиокомпаниялар редакцияларының, ақпараттық агенттіктер мен мерзімді басылымдардың бірінші басшыларымен кездесті.

Кездесу елорданың десанттық-шабуылдау құрамасында бейресми жағдайда өтті. 

БАҚ өкілдерін қарсы алған қорғаныс ведомствосының басшысы Руслан Жақсылықов оларды кәсіби мерекелерімен құттықтап, шығармашылық шабыт, жаңа идеялары мен жобаларының табысты іске асуын тіледі.

– Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің еңбегі өте күрделі және аса жауапты. Сөз – семсер. Сіздердің қуатты қаруларыңыз – сөз. Қазақстан әскерінің заманауи келбетін қалыптастыруға атсалысып жүрген журналистердің еңбегін қашанда жоғары бағалайтынымыз анық, – деп атап өтті Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Қорғаныс министрлігі патриотизмді дамытуға, өскелең ұрпақтың мерзімді әскери қызмет өткеруге деген ынтасын арттыруға бағытталған іс-шаралар кешенін іске асыруда. Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыста БАҚ-тың алар орны маңызды.

Одан бөлек, әскери қызметшілерді, әскерге шақырылушыларды және олардың отбасы мүшелерін әлеуметтік қолдау туралы, қоғамдық пікірді қалыптастырудағы ақпараттық ресурстардың рөлі, ізгілік пен әділдіктің шынайы мұраттарын нақтылау жайлы әңгіме өрбіді. Кейбір өткір мәселелер де назардан тыс қалмады. Министрдің пікірінше оларды жария ету кезінде сараланған және нақты көзқарас қажет.

Десанттық-шабуылдау құрамасына барған журналистер әскер арасында болып, жауынгерлік рухты сезініп қайтты. Оларға қару-жарақ пен әскери техника үлгілерінің көрмесі, киім-кешек пен қажетті жабдықтар көрсетілімі ұйымдастырылды.

Бағдарламада әуе-десанты кешенін өткізетін сабақтар кезіндегі парашютпен секіруді пысықтау, әскери саперлердің миналарды қою және оларды залалсыздандыру бойынша жұмысы, құрметті қарауыл ротасының дефилесі көрсетілді.

Іс-шара барысында БАҚ өкілдері Қарулы күштердің бұқаралық ақпарат құралдары үшін, яғни жалпы қоғам үшін ашықтығын арттырудың оң үрдісін атап өтті.