Офицерлер мен сержанттар әскери оқу орындарын бітірді

Офицерлер мен сержанттар әскери оқу орындарын бітірді

Алматы қаласындағы Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтында және Щучинскдегі Шоқан Уәлиханов атындағы Әскери колледжде салтанатты түрде дипломдар табыс ету рәсімдері өтті. Әскери оқу орындарын «лейтенант» және «кіші сержант» әскери атақтарын алған үш жүзден астам жас маман бітіріп шықты.

Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты курсанттарының білім ордасын бітіруге арналған шарасы Алматыдағы 28 гвардиялық-панфиловшылар атындағы саябақта өтті. Аталған рәсімге Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов, Алматы гарнизонының бастығы генерал-майор Алмаз Жұмакеев, Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Қайрат Садықов, Қарулы күштердің ардагерлері, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, сондай-ақ түлектердің туыстары мен жақындары қатысты.

Әскери оқу орнын бітіруші 122 курсанттың үшеуіне үздік диплом табыс етілді.

– Бүгін институтты бітіріп, офицерлік погондар, дипломдар мен төсбелгілерді беру құрметі көрсетіліп отыр. Үмітімізді ақтап, Қазақстан әскерінің офицері деген абыройлы атақты лайықты алып жүретіндеріңізге сенемін, – деді Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов.

Институтты Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының әскери кадрларын бірлесіп даярлау бағдарламасы бойынша Қырғыз Республикасынан келген төрт курсант бітірді.

Сонымен қоса бұл күні Шоқан Уәлиханов атындағы Қорғаныс министрлігінің әскери колледжінің 187 түлегі арнаулы орта білім туралы диплом алды. Олардың он үші үздік дипломмен марапатталды.

Жас сержанттарды құттықтауға Қарулы күштердің ардагерлері, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, олардың туыстары мен достары келді.

Жуырда Әскери колледждің түлектері әскерлерде кіші командалық құрам лауазымдарында міндеттерін орындауға кіріседі.