Әскери мектептер мен колледждерде соңғы қоңырау соғылды

Әскери мектептер мен колледждерде соңғы қоңырау соғылды

Алматы, Шымкент және Қарағанды қалаларындағы «Жас ұлан» республикалық мектептерінде оқу жылының аяқталуына арналған салтанатты шаралар өтті.

Биыл бұл мектептерді 644 түлек бітіреді. Соңғы екі жылда алғаш рет салтанатты жиынға ұландықтардың туыстары мен жақындары, Қорғаныс министрлігі мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, Қарулы күштердің ардагерлері шақырылды.

Әскери дәстүрге сай республикалық мектептердің саптық алаңына оқу орындарының туы шығарылып,  ұландықтарға ізгі тілектер айтылды.

Алматы қаласы Бауыржан Момышұлы атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебі бірінші ротасының тәрбиеленушісі Қабақбай Жансен сөйлеген сөзінде барлық ұланның атынан мектеп басшылығы мен оқытушыларға көрсеткен қамқорлығы үшін алғыс айтып, болашақта оқу орнының абыройы мен беделін түсірмеу үшін бар күш-жігерін салатынын жеткізді.

«Жас ұлан» республикалық мектептері – мемлекеттік және шет тілдерді, әскери пәндерді тереңдетіп оқытатын және дене даярлығы күшейтілген жалпы орта білім беретін оқу орындары.

Ұландар жалпы білім беретін мектептердің пәндерімен қатар саптық даярлық тәсілдерін меңгеріп, жалпыәскери жарғыларды, атыс қаруының тактикалық-техникалық сипаттамаларын және онымен жұмыс істеу ережелерін үйренеді.

Мұнда дарынды оқушылар оқиды. Түлектер арасында 18 облыстық, республикалық, халықаралық конкурстар мен олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері бар. Екі ұлан «Алтын белгіге» үміткер. Биылғы жылы олардың 90%-ы еліміздің жоғары әскери оқу орындарына түсуді жоспарлап отыр.