Үкіметтік емес ұйым өкілдері қазақстандық матростардың қызмет жағдайымен танысты

Үкіметтік емес ұйым өкілдері қазақстандық матростардың қызмет жағдайымен танысты

«Риза Ана» және «Саламатты ел» қоғамдық ұйымдарының басшылары Әскери-теңіз күштерінің кемелерінде болды. Бас штаб бастығының орынбасары – Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің бастығы генерал-майор Серік Борамбаев үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерін жауынгерлердің қызметі мен және тұрмыс жағдайымен таныстырды.

Қоғам белсенділері Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Гүлмира Қалмұратованың қатысуымен әскери нысандарды аралады.

Кемелерде құқық қорғаушылар қызметтік, тұрмыстық және тұрғын үйлерді тексерді. Олар вахталық қызмет атқару, медициналық қамтамасыз етуді ұйымдастыру, жауынгерлердің тамақтануы мен демалу жағдайларына ерекше назар аударды.

 Шығыс Қазақстан және Атырау облыстарынан шақырылған сарбаздар қонақтардың сұрақтарына жауап беріп, кемелердегі қызмет жағдайлары, теңізге шығу, оқу-жаттығуларға қатысу және оқу-жауынгерлік міндеттерді орындау туралы айтты.

- Әр демалыс сайын бізге жақындарымызбен сөйлесуге рұқсат етіледі. Бұл біз үшін де, ата-аналар үшін де өте маңызды. Анам айтпаса да, мен оның қалай сағынатынын, мен үшін алаңдайтынын білемін. Сондықтан мен оған қызметтің қалай өтіп жатқанын егжей-тегжейлі айтып беремін, - деді өткен күзде Атырау облысынан шақырылған матрос Ернұр Ғалымжанов.

Генерал-майор Серік Борамбаев Қорғаныс министрлігінің әскери бөлімдерінде қолайлы әрі қауіпсіз әскери қызмет атқару үшін барлық жағдай жасалғанын атап өтті.

Құқық қорғаушылар жауынгерлерге мықты денсаулық және әскери қызметтеріне сәттілік тіледі. «Риза-Ана» қоғамдық қорының басшысы Бибігүл Рамазанова сарбаздарға қалада кез келген қиын жағдайда хабарласуға болатын ұйымдар бар екенін айтып, мамандардың координаттарын қалдырды.