Қорғаныс ведомствосы мен Білім және ғылым министрлігі жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу аспектілерін талқылады

Қорғаныс ведомствосы мен Білім және ғылым министрлігі жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу аспектілерін талқылады

Ұлттық қорғаныс университетінде Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов пен Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің кездесуі өтті. 

Ведомство басшылары жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеудің өзекті мәселелерін және әскери қызметтің беделі мен тартымдылығын арттыру бойынша ұсыныстарды талқылады.

Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді іске асыра отырып, бейінді министрліктер бірқатар ұсыныстар әзірледі. Олардың ішінде мерзімді әскери қызметтен өткен жастарға және «Жас сарбаз» сыныптарының түлектеріне жоғары оқу орындарына түсу үшін бес пайыздық квота бөлу бар. Білім және ғылым министрлігі осы мақсаттар үшін 3000-нан астам грант бөлуге дайын екенін жеткізді. Сонымен қатар, мерзімді қызметтен кейін жоғары оқу орнына түсе отырып, түлек міндетті үш жылдық жұмыспен өтеуден босатылады.

Әскери қызмет өткеру кезінде қаза тапқан, сондай-ақ арнайы және бітімгершілік операцияларға қатысқан әскери қызметшілердің балаларын жоғары білім алу үшін квотаға ие болу құқығымен қамтамасыз ету мәселесі де ұсынылды.

Мерзімді қызмет әскери қызметшілеріне жаппай онлайн-курстар бойынша оқу мүмкіндігін беру туралы мәселе қарастырылуда.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов әскери бөлімдер базасында колледждер ашу туралы ұсыныс жасады. Ол үшін мамандықтар тізімін анықтау және кадрларды даярлауға мемлекеттік тапсырыс беру, білім беру қызметіне лицензия алу, оқу-материалдық базаны дайындау қажет.

Кездесуде еліміздің жалпы білім беретін мектептерінде бастапқы әскери даярлықты ұйымдастыру мәселелері талқыланды. Бүгінгі таңда бұл пән 6 170 білім беру ұйымында оқытылады және 365 000 жоғары сынып оқушысын қамтиды. Пәннің мазмұны әскери іс негіздеріне, робототехникаға және IT-технологияларды оқытуға бағытталған.

Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов кездесуге қатысушыларды жастар саласындағы әскери-патриоттық жұмыс туралы хабардар етті.

Қорғаныс ведомствосының басшысы жастарға әскери-патриоттық тәрбие берудің мақсаттары мен міндеттері, іске асыру мерзімдері, нысаналы индикаторлары, қаржыландыру көздері және күтілетін нәтижелер айқындалған «Бір тұтас ұлт – Бір тұтас әскер» әскери-патриоттық тәрбиелеу бағдарламасын іске асыру туралы кеңірек айтып берді.

Іс-шара қорытындысы бойынша Қорғаныс министрлігі мен Білім және ғылым министрлігі арасындағы жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытудың перспективалық жоспары айқындалды.