
Еліміздің барлық өңірінде Қазақстан әскерінің жауынгерлері Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 77 жылдығына арналған еске алу шараларына қатысты.
Әскери қызметшілер Даңқ мемориалдары мен соғыс ардагерлерінің ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойды.
Нұр-Сұлтанда Жеңіс даңғылындағы монументке гүл шоқтарын қою рәсіміне Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов қатысты.
Бүкіл гарнизондарда әскери қызметшілер Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлерін аралады. Ардагерлер тұратын жерлерде салтанатты шаралар ұйымдастырылып, әскери оркестрлер соғыс жылдарының әуендерін орындады.
Жеңіс күні – Қазақстан үшін тарихи маңызды күн. Қазақстаннан майданға 1 200 000-ға жуық адам аттанып, оның жартысы соғыстан қайта оралмады. Елімізде 12 атқыштар және 4 кавалерия дивизиясы, 7 атқыштар бригадасы және 50-ге жуық жеке полк пен батальондар құрылды.
Қазақстан стратегиялық тыл ретінде де маңызды рөл атқарды. Соғыс жылдары Қарағанды облысы 35 млн тонна көмір берді. Тыл еңбеккерлері майданға 5 млн тоннадан астам нан және 700 мың тоннадан астам ет жіберді. Әскерге арналған 10 оқтың 9-ы қазақ жерінің қорғасынынан құйылды.
Ұлы Отан соғысындағы ерлігі үшін 500-ге жуық қазақстандыққа Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.