Алматы облысында «Батыл тойтарыс – 2022» оқу-жаттығуының белсенді кезеңі өтті

Алматы облысында «Батыл тойтарыс – 2022» оқу-жаттығуының белсенді кезеңі өтті

Десанттық-шабуылдау әскерлерінің бөлімшелері «Батыл тойтарыс – 2022» кешенді ведомствоаралық стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуының негізгі кезеңінде қалалық жағдайда жауынгерлік іс-қимыл жүргізудің тактикалық тәсілдерін пысықтады.

Елді мекендерде ұрыс жүргізудің ерекшелігі жеке құрамның даярлық деңгейінің жоғары болуын талап етеді. Осыған байланысты оқу-жаттығу барысында әскерлер қызметінің аталған бағытына ерекше назар аударылды.

Оқу-жаттығудың жоспары бойынша барлау, артиллериялық, инженерлік-саперлік бөлімшелердің және ұшқышсыз басқарылатын құрылғылардың есептоптарымен күшейтілген десанттық-шабуылдау батальоны құрамындағы батальондық тактикалық топ арнайы операциялар күштері мен Ұлттық ұланның әскери қызметшілерімен бірге іс-қимыл жасай отырып, бандалық топтар басып алған елдімекенді азат ету тапсырмасын орындады.

Аумақты барлағаннан кейін десантшылар армия авиациясындағы тікұшақтар тобының көмегімен шартты қарсыласты айналып өтіп, оған оқ жаудырды.

Инженерлік-саперлік бөлімшелер ғимараттарда кіретін жолды, азат етілген нысандарды минадан тазартып, негізгі күштердің алға жылжуын қамтамасыз етті.

Барлық ғимараттарды алған соң Ұлттық ұлан бөлімшелері жұмысқа кірісті: Олар елдімекенді тазартып, қоғамдық тәртіпті сақтау шараларын ұйымдастырды.

Оқу-жаттығудың белсенді кезеңіне қатысқан Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов әскери қызметшілердің даярлық деңгейін бағалап, оқу-жауынгерлік тапсырмаларды бірлесіп орындау барысында күштік құрылымдардың өзара іс-қимылын қолдау жөнінде нұсқаулар берді.

«Батыл тойтарыс – 2022» ведомствоаралық стратегиялық командалық штабтық оқу-жаттығуы ел Президенті – Қарулы күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың күштік құрылымдарды тиімді үйлестіруді қамтамасыз ету, олардың жедел және әскери-техникалық үйлесімділігін жолға қою, сондай-ақ ведомствоаралық үйлестіруді күшейту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында өткізіліп жатқанын естеріңізге сала кетейік.