Қуатты армия – қауіпсіздік кепілі

Қуатты армия – қауіпсіздік кепілі

Қазақстан Қарулы күштерін техникалық жарақтандыру – әскердің жауынгерлік әзірлігі мен жауынгерлік қабілетін арттырудағы аса маңызды басымдықтардың бірі.

Тәуелсіздік алған жылдары еліміздің алдында жас мемлекеттің егемендігі мен тұтастығын қамтамасыз ете алатын төл Қарулы күштерін құру міндеті тұрды. Сол кезеңде Қазақстанда Кеңес армиясының көптеген әскери бөлімдері мен базалары, әскери-зерттеу объектілері мен полигондары орналасқан болатын. Сондықтан, бізде мемлекеттің әскери мекемесін құруға қажетті мүмкіндіктер болды.

40-шы дербес Қызыл Тулы жалпыәскери армиясының құрамалары мен бөлімдерінің негізінде бізге Құрлық әскерлерін құруға мүмкіндік туды. Әуе армиясының аралас авиациялық корпусының негізінде Әскери әуе күштері, Әуе шабуылына қарсы қорғаныс корпусының құрамалары мен бөлімдерінің негізінде әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері құрылды.

Мемлекет басшылығының дер кезінде қабылдаған батыл
шешімдерінің, сондай-ақ Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы, Қазақстанның тұңғыш қорғаныс министрі армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың бай тәжірибесінің арқасында Қарулы күштерді кезең-кезеңмен реформалау жүзеге асырылды.

Қазақстанның Қарулы күштері 30 жыл ішінде 4 мыңнан астам заманауи қару-жарақ пен әскери техника түрлерімен қамтамасыз етілді. Қазіргі уақытта негізгі күш-жігер әскерлердің сапалық параметрлерін арттыруға, оларды қару-жарақтың, әскери техниканың және арнайы құралдардың соңғы үлгілерімен кезең-кезеңмен техникалық тұрғыда қайта жарақтандыруға басым бағыт беріліп отыр.

Қару-жарақтың перспективалық үлгілерін сатып алуға қарамастан, Қорғаныс министрлігі қолданыстағы техниканы жаңғыртуды да жүзеге асырып келеді. Қорғаныс ведомствосының тапсырысы бойынша отандық кәсіпорындарда бронды техниканы (Т-72, БМП-2 және БТР-80) жөндеу мен жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Сонымен бірге, қару-жарақ пен әскери техникаға техникалық қызмет көрсету мен жөндеу жұмыстары Беларусь, Германия, Испания, Польша, Ресей, Франция және т. б. елдердің кәсіпорындарымен де оң жолға қойылған. Осы жерде Қарулы күштердің жауынгерлік қабілетін арттыру, әскери техниканы уақтылы жаңғырту мақсатында Қазақстан әлемнің қырықтан астам елімен белсенді ынтымақтастық жасайтынын айта кеткен артық болмас. Бұл салада әлеуетті әріптестердің тізімі үнемі кеңейіп отырады.

Мемлекет басшысы – Қарулы күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 19 қаңтар күнгі Қорғаныс министрлігінде сөйлеген сөзінде геосаяси жағдайды және өңірлік деңгейдегі қауіп-қатерлерді ескере отырып, Қарулы күштердің жауынгерлік қабілетін түбегейлі арттыруды талап етті. Президент, сондай-ақ әскери-көліктік авиация паркін толықтыру қажеттігін де баса айтты. 2022 жылға арналған қару-жарақ пен әскери техниканы сатып алу жоспарын қайта қарауды тапсырды.

Осы тапсырмаларды орындау мақсатында жүк көтерімділігі 40 тоннаға дейін жететін А-400М ауыр әскери-көліктік ұшақтарын сатып алу жоспарланып отыр.

Еліміздің Әуе қорғанысы күштері қазіргі заманғы 4++ буындағы Су-30СМ жойғыштармен, өз тобында үздік саналатын
С-295 әскери-көліктік ұшақтарымен, Zlin оқу-жаттығу ұшақтарымен,
ЕС-145, Ми-171Ш тікұшақтарымен, Ми-35М көліктік-жауынгерлік тікұшақтарымен толықтырылды. Сонымен қатар, келешекте Су-34 жойғыш-бомбалаушы, Су-39 шабуылдаушы ұшақтарын сатып алу жоспарлануда.

Әуе шабуылына қарсы қорғаныс техникалары паркі де жаңартылуда. Бүгінде С-300ПС, С-200, С-125 зениттік-зымыран кешендері, отандық «Нұр» радиолокациялық станциялары жауынгерлік кезекшілікті лайықты атқарып келеді. Әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесінің, оның ішінде дәлдігі жоғары қарулардың мүмкіндігін арттыру үшін 2020 жылы Бук-М2Э зениттік-зымыран кешенінің дивизионы жауынгерлік қызметке кірісті.

Барлау, оның ішінде радиолокациялық барлау міндеттерін орындау, кедергілер келтіру және тәуліктің кез келген уақытында жерүсті нысаналарына дәл соққы беру үшін «Wing Long-1» екпінді-барлау, «Орлан-10Е» барлау, «Skylark – 1Lex» тактикалық ұшқышсыз ұшатын аппараттары сатып алынды. Сондай-ақ, түріктің «Anka» тектес дрондарын сатып алу мәселесі де қарастырылуда. Жалпы, әскерлерді ұшқышсыз ұшу аппараттарымен жарақтандыру қажеттілікке сәйкес жоспарлы түрде жүзеге асырылатын болады.

Әскери-теңіз күштерін жарақтандыруда сүңгуірлер мен арнайы бөлімшелерді даярлау үшін қажетті жабдықтар мен оқ-дәрілер сатып алынуда. Корабльдер мен кемелерге жөндеу және техникалық қызмет көрсету жүргізіледі. Көпбейінді кеме құрылысы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілді. 2021-2023 жылдарға арналған мемлекеттік қорғаныс тапсырысы шеңберінде «Орал «Зенит» зауыты» акционерлік қоғамында тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар жүргізілуде.

Қарулы күштердің қалыптасу кезеңінде Құрлық әскерлері заманауи БТР-80А, БТР-82А, «Кобра», «Арлан» броньды дөңгелекті машиналарымен, зымыран-артиллериялық, ауыр от шашқыш жүйелерімен, сондай-ақ, радиоэлектрондық барлау және күрес кешендерімен, радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау машиналарымен, мобильді байланыс кешендерімен, жанар-жағар май жеткізу техникасымен жабдықталды.

Қарулы күштерді байланыс құралдарымен қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан мен Израиль бірлесіп шығаратын қазіргі заманғы «Тадиран» радиостанцияларымен жарақтандыру жоспарлы түрде жүзеге асырылуда. Осы мақсатқа бөлінген қаражат есебінен командалық-штабтық машиналар, сондай-ақ Т-72, БМП, БТР, «Кобра», «Арлан» жауынгерлік машиналары, арнайы басқару және аппараттық байланыс машиналары кезең-кезеңмен жаңғыртылуда.

COVID-19 пандемиясы кезінде әскери-медициналық бөлімшелерді жарақтандыруды шұғыл түрде өзгертуге тура келді. Мәселен, 2020 жылы медициналық бөлімшелердің мүмкіндіктерін арттыру үшін модульді далалық инфекциялық госпиталь сатып алынды. 2020-2021 жылдары екі мобильді ПТР-зертхана жеткізілді. Бұл осындай қызметтерді көрсетуде денсаулық сақтау күштері жетпейтін шалғай гарнизондарда әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерін диагностикадан өткізуге мол мүмкіндік берді

Қорғаныс министрлігі Қарулы күштердің мүддесі үшін бюджеттен тыс баламалы қаржыландыру көздерін іздестіргенін де айта кеткен жөн. Мысалы, 2020 жылы жеке инвестицияларды тарту арқылы екі стационарлық ПТР зертханасы сатып алынды.

Осыған байланысты, Қорғаныс министрлігінің бастамасымен мемлекеттік және жеке меншіктік әріптестік саласындағы заңнамаға қажетті өзгерістер енгізілді. Бұл бізге екі әскери қалашықты, екі әскери әуе айлағын, госпитальдық-клиникалық кешенді және басқа да объектілерді салу жобалары бойынша жұмысты бастауға септігін тигізді. Жаңа тетіктерді енгізу бюджет қаражатын айтарлықтай үнемдейтін болады.

Заман талабы бейбіт уақытта жақсы жабдықталған, дамыған қос мақсатты компоненттердің болу қажеттігін де көрсетіп берді. Мысалы, әскери химиктердің қатысуымен азаматтық инфрақұрылымды дезинфекциялауға техника, шашыратқыштар және басқа құралдар әскерлерді жаппай қырып-жою қаруларынан қорғау үшін тек ұрыс алаңында жұмыс істеуге бейімделгені белгілі болды. Қорғаныс министрлігі оны қысқа мерзімде азаматтық міндеттерді орындауға бейімдеу үшін едәуір күш жұмсады.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Қазақстанға 50-ге жуық қорғаныс өнеркәсіп кешені мұраға қалды. Олар әскери-теңіз күштеріне, танктерге, атыс қаруларына, зымыран жүйелеріне, әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерінің компоненттеріне, қару-жарақ өндірісіне арналған кешендер болатын.

Қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамытуда шет елдермен әскери-техникалық ынтымақтастық саласындағы саясаттың да маңызы зор. Бүгінде Қазақстан аумағында «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ-ның алдыңғы қатарлы шетелдік компаниялармен бірлескен кәсіпорындары жұмыс істейді. Олардың қатарында түріктің «Aselsan» компаниясымен бірлескен электронды-оптикалық құрылғыларды шығару, «Eurocopter» француз-неміс компаниясымен бірлескен – ЕС145 тікұшақтарын шығару және техникалық қолдау көрсету өндірістері де бар.

Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары отандық қорғаныс өнеркәсібі әскерде сұранысқа ие өнімдерді өндіруде айтарлықтай жетістіктерге жетті. Бірінші кезекте патрон шығару, кеме жасау, әуе шабуылына қарсы қорғаныс құралдарын, оптикалық-электрондық құрылғыларды, бронды танктерді шығару және жөндеу қызметтері бар. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса береді.

Қазақстанның қорғаныс-өнеркәсіп кешені оптикалық-электрондық барлау құралдарын, брондалған дөңгелекті машиналарды және бронды транспортерлерді, байланыс құралдары мен автоматтандырылған басқару жүйелерін, ЕС-145 тікұшақтары мен 200 тонналық әскери корабльдерді, ірі калибрлі пулеметтер мен атыс қаруы патрондарын және әскери қызметшілерге арналған жарақтар мен киім-кешек түрлерін шығарады.

Ел Президенті отандық қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамытуға, еліміздің кәсіпорындарында әскери техниканы жөндеуге және оларға қызмет көрсету қажеттігіне баса назар аударды. Кәсіпорындарда техникалық қызмет көрсету және бронды танктер, автомобиль техникасын, сондай-ақ дүркіндетіп оқ ататын реактивті жүйелерді жаңғырту жұмыстары ұйымдастырылған.

Соңғы кездегі сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлерді ескерсек, заман талабына сай және әлемдік стандарттарға сәйкес келетін, елдегі әскери қауіпсіздікке кепілдік бере алатын армияның сапалы жаңа келбеті қалыптасып келеді. Бүгінде Қазақстанның жоғары кәсіби, ұтқыр Қарулы күштері Жоғарғы бас қолбасшы қойған тапсырмаларды кез келген жағдайда орындауға қабілетті.

Қорғаныс министрлігі жауынгерлік әзірлікті ұдайы сақтап тұруды, халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді, ішкі саяси тұрақтылықты сақтауды, азаматтардың мемлекетті қорғауға саналы көзқарасын қалыптастыруды көздейді.

 

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары

генерал-лейтенант Руслан Шпекбаев

 

https://egemen.kz/article/308376-quatty-armiya-%E2%80%93-qauipsizdik-kepili