Каспийде Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы өтуде

Каспийде Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы өтуде

Каспий теңізінің қазақстандық секторында Әскери теңізшілер зымыран-артиллериялық корабльдер топтарын жауынгерлік қолдану бойынша іс-қимылдарын пысықтау үстінде.

Жауынгерлік оқу шаралары Қазақстан Президентінің әскердің жауынгерлік қабілетін түбегейлі арттыру жөніндегі тапсырмасын іске асыру шеңберінде Қарулы күштерде өтеді.

Оқу-жаттығуға Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы контр-адмирал Сәкен Бекжанов басшылық жасауда.

Маневрлер барысында экипаждардың дайындық деңгейі жетілдіріліп, Каспий теңізінің қазақстандық секторында елдің аумақтық тұтастығын, егемендігін және экономикалық мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындаудағы олардың өзара іс-қимыл жасау тәртібі пысықталып жатыр. 

Оқу-жаттығуда теңізде апатқа ұшыраған кемеге көмек көрсету кезіндегі экипаждардың құтқару іс-қимылдарына ерекше назар аударылған. Әскери теңізшілер кемелерді диверсияға қарсы қорғау, ұшқышсыз басқарылатын аппараттар мен шартты қарсыластың катерлеріне де қарсы іс-қимыл шараларын жүргізу үстінде.