Халықаралық Қызыл Крест комитетімен ынтымақтастықтың жаңа жоспарына қол қойылды

Халықаралық Қызыл Крест комитетімен ынтымақтастықтың жаңа жоспарына қол қойылды

Нұр-Сұлтан қаласында Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов Халықаралық Қызыл Крест комитетінің Орталық Азиядағы өңірлік өкілдігінің басшысы Сангита Кенигпен кездесті. 

Тараптар Қазақстан Қарулы күштерінің бітімгершілік әлеуетін нығайту мәселелерін талқылады. Бітімгершілік дайындық орталығын дамытуға, халықаралық гуманитарлық құқық бойынша оқу курстарын ұйымдастыруға және бітімгершілік саласындағы өзекті мәселелер төңірегінде сараптамалық пікір алмасуға ерекше назар аударылды.

– Халықаралық Қызыл Крест комитетінің нұсқаушылары өткізетін халықаралық гуманитарлық құқық пен қарулы қақтығыстар құқығы жөніндегі жылда өткізілетін курстар – бітімгерлерімізді БҰҰ миссиясына дайындауда маңызды болып табылады, – деп атап өтті генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов. 

Қорғаныс министрінің орынбасары ағымдағы келіссөздер ұйыммен өзара тиімді ынтымақтастықтың көкжиегін кеңейтетініне сенім білдірді.

Қазақстанның Халықаралық Қызыл Крест комитетінің ынтымақтастығы Қарулы Күштердің бітімгершілік әлеуетін арттыруға бағытталып отыр. Бұл Қазақстан Президентінің 2021 жылғы қарашадағы Халықаралық Қызыл Крест комитетінің басшысымен кездесуінде де аталған болатын.

Қорғаныс министрінің орынбасары мен Халықаралық Қызыл Крест комитетінің Орталық Азиядағы аймақтық өкілдігінің басшысы арасындағы кездесу нәтижесінде 2022 жылға арналған Ынтымақтастық жоспарына қол қойылды.

Одан өзге, қорғаныс ведомствосының басшылығына Қазақстан Республикасындағы Халықаралық Қызыл Крест комитеті миссиясының жаңадан тағайындалған басшысы Франсуа Бланси таныстырылды.