Қазақстанның бітімгерлері тіл үйренуде

Қазақстанның бітімгерлері тіл үйренуде

Алматы қаласындағы Қорғаныс министрлігінің Бітімгерлік дайындық орталығында тілдік дайындық курсы қарқынды өткізілуде. Қазақстан Қарулы Күштерінің 67 офицері мен сержанттары оқуға кірісті.

Алты ай ішінде тыңдаушылар ұлттық бітімгершілік контингенті құрамында, сондай-ақ БҰҰ штабтық офицерлері мен әскери байқаушылары ретінде міндеттерді жақсы атқару үшін қажетті деңгейде ағылшын тілін үйренуі тиіс.

Курстың оқу бағдарламасы АҚШ әскери тіл институтының әдістемесіне сүйеніп дайындалған. Бұл ретте студенттердің сөйлеу дағдыларын және ауызша сөйлеуін қалыптастыруға, оқу мен жазу машықтарын дамытуға негізгі күш-жігер жұмсалады.

– Курсты жақсы меңгеруге орталықта барлық қажетті жағдайлар жасалған. Сонымен қатар оқу үрдісіне тыңдаушылардың өздерін белсенді түрде тарту және өз бетінше дайындық маңызды, – деді Бітімгерлік дайындық орталығының бастығы полковник Бауыржан Нығметуллин.

Әскери қызметшілер курсқа қабылдану үшін тестілеуден өткен соң, дайындық деңгейіне қарай топтарға бөлінеді. Орталықтың оқытушылары тілдің бастапқы деңгейін меңгерген әскери қызметшілерге арнайы кіріспе курсын әзірледі.