Есімі мәңгі жадымызда

Есімі мәңгі жадымызда

Алматыдағы оқиға салдары Қарулы Күштерді де орны толмас қайғыға ұшыратты. 35-ші гвардиялық десанттық-шабуылдау бригадасы командирінің орынбасары подполковник Қайыров Сәндібек Ғалымоллаұлы қайтыс болды.

Ол көзі тірісінде биыл 11 мамырда қырық жасқа толар еді. Қызмет барысында өзін сауатты, кәсіби офицер ретінде көрсете білді.

Сәндібек Ғалымоллаұлы Орал облысы Чапаев кентінде (қазіргі Батыс Қазақстан) көп балалы отбасында дүниеге келген. Өмірін Отан қорғауға арнап, әскери адам болуды бала кезінен армандаған.

Сәндібек Ғалымоллаұлы 2004 жылы Құрлық әскерлері Әскери институтын, 2021 жылы Ұлттық қорғаныс университетін тәмәмдаған.

Қарулы Күштерде взвод командирінен бастап десанттық-шабуылдау бригадасы командирінің орынбасары лауазымдарына дейін қызмет атқарған. Өз тәжірибесімен бөлісе отырып, жас офицерлерге сенімді, адал әрі лайықты командир ретінде үлгі бола білді.

Мезгілсіз дүниеден өткен Сәндібек Қайыровтың артында жұбайы, ұлы Әбілқайыр және қызы Сабина қалды.

Қорғаныс министрлігінің басшылығы мен Қарулы Күштердің жеке құрамы қаза болған Қайыров Сәндібек Ғалымоллаұлының жақындары мен туыстарына қайғырып көңіл айтады.

Ақтық сапарға шығарып салу рәсімі ағымдағы жылдың 13 қаңтарда сағат 10:00-де Алматы қаласындағы офицерлер үйінде өтеді.