
ҚР Парламенті Мәжілісі әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерін, арнайы мемлекеттік органдар қызметкерлерін әлеуметтік қамтамасыз етуді жақсартуға бағытталған заң жобасын мақұлдады.
Түзетулер мынадай: «Тұрғын үй қатынастары туралы», «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы», «Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары туралы» үш заңда қарастырылды.
«Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңға енгізілген өзгерістер қызметтік тұрғын үйді жекешелендіру құқығының ауысуын, ақшалай өтемақы алуды және қайтыс болған әскери қызметшінің немесе арнайы орган қызметкерінің отбасы мүшелері алмасу құқығын пайдалануды көздейді. Одан бөлек, түзетулер қызметтік тұрғын үйді қалдық құнымен немесе өтеусіз жекешелендіру, сондай-ақ қос тұрғын үймен қамтамасыз ету жағдайларын шектеу мәселелеріне қатысты болды.
Қарулы Күштер, басқа да әскерлер мен әскери құралымдар үшін алғаш рет «модульдік тұрғын үй» ұғымы енгізіледі. Модульдік тұрғын үйлерді сатып алу қысқа мерзімде әскерлерді қызмет орындарында тұрғын үймен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қажет болған жағдайда басқа өңірлерге көшіруге болады.
«Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңда әскери қызметшілерге арнайы мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне ұқсас құқықтар мен міндеттерді беру ұсынылады. Егер әскери қызметші, қызметкер қызметтен босатылған күннен бастап және оны қайтадан қызметке қабылдаған күнге дейінгі аралық үш айдан аспаған, көрсетілген кезеңде қандай да бір еңбек қатынастары болмаған жағдайда «үздіксіз әскери қызмет» ұғымы енгізіледі.
Заң жобасында абайсызда келтірілген залал үшін әскери қызметшілердің материалдық жауапкершілігінің шектері де белгіленеді. Бұл ретте әскери қызметшілер қасақана нұқсан келтірілген жағдайда толық материалдық жауапкершілік сақталады.
«Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары туралы» Заңға енгізілген өзгерістер әскери қызметшілер мен арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің қызмет өткеру тәсілдерін біріздендіруге бағытталған.
Жалпы, заң жобасы әскери қызметшілер мен арнайы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған. Оларды әлеуметтік қамтамасыз етуді жақсартуға, әскери қызмет өткеру мәселелерін реттеуге мүмкіндік береді.