Қазақстан әскерінде жауынгерлік даярлық апталығы басталды

Қазақстан әскерінде жауынгерлік даярлық апталығы басталды

Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Даярлық жоспарына сәйкес оқу-жаттығу дабылы берілді. Іс-шараларға әскери басқару органдары мен бөлімшелердің жеке құрамы, қару-жарақ пен әскери техникасы жұмылдырылған.

Бірлестіктер, құрамалар мен әскери бөлімдер дабылмен көтеріліп, жауынгерлік даярлықтың жоғары деңгейіне келтірілді. Бөлімшелер белгіленген аудандарға жіберіліп, басқару пункттері далалық жағдайда жұмыс істеуге дайындалды. Техника мен қару-жарақ жауынгерлік қолдануға сақадай сай. Радиотехникалық бөлімшелер мен зениттік зымыран кешендері есептоптарының жұмыс режимі күшейтілді. Авиация бөлімдерін жедел әуеайлақтарға ауыстыру жүзеге асырылуда. Жауынгерлік корабльдер экипаждары мен жағалау бөлімшелері порттар мен кеме тұрақтарының диверсияға қарсы қауіпсіздігін ұйымдастырды.

Әскерлердің жауынгерлік әзірлік деңгейін арттыруда басқа әскерлер мен әскери құралымдардың басқару органдарымен өзара іс-қимылды ұйымдастыру мәселелері едәуір маңызды.

Қорғаныс министрлігінің бастамасымен жауынгерлік әзірлік апталығының іс-шараларына ҰҚК Шекара қызметінің, Ішкі істер министрлігінің және Ұлттық ұланның жедел топтары қатысады.

Бірлескен жұмыс барысында мемлекеттік шекараны күшейту, стратегиялық маңызды объектілерді қорғау, әртүрлі сипаттағы төтенше жағдайларды жою кезінде міндеттерді орындау мәселелері нақтыланды.

Биыл 2 желтоқсанда Қазақстанның Қарулы Күштерінде жаңа оқу жылы басталғаны бұған дейін де айтылған болатын. 2022 оқу жылындағы дайындық барлық санаттағы әскери қызметшілердің белгіленген міндеттерді орындауға дайындығын арттыруға, әскердің одан әрі кәсіби өсуіне бағытталған. Жауынгерлік даярлық шараларының 80 мыңнан аса түрін өткізу, оның ішінде оқу-жаттығулар, іс жүзінде оқ атулар, парашютпен секіру, ұшу жаттығулары, бөлімшелердің далалық жорықтары, корабльдердің теңізге шығулары және жауынгерлік машиналарды жүргізу жоспарланып отыр.