Қорғаныс министрі әскери қызметшілерді Тұңғыш Президент күнімен құттықтады

Қорғаныс министрі әскери қызметшілерді Тұңғыш Президент күнімен құттықтады

Қорғаныс министрлігінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналған салтанатты жиналыс болып өтті. Қорғаныс министрі генерал-лейтенант Мұрат Бектанов Қарулы Күштердің жеке құрамын мерекемен құттықтады.

«Биыл Тәуелсіздіктің 30 жылдығын атап өтеміз. Тәуелсіздік – бұл біздің баға жетпес құндылығымыз. Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуы мен бүгінгі жетістіктері Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты, оның барлық қызмет жолы өз халқына, Отанына адал  қызмет етудің жарқын үлгісі болып табылады.

Елбасының парасатты шешімі мен көрегендігінің арқасында еліміз зор табысқа қол жеткізді. Бүкіл әлем бүгінгі Қазақстанды дамып келе жатқан мемлекет ретінде таниды. Көршілес мемлекеттермен берік достық қарым-қатынас, әлемнің озық державаларымен мықты әріптестік орнатылды.

Қарулы Күштер – мемлекет тұрақтылығының, оның аумақтық тұтастығы мен әскери қауіпсіздігінің кепілі. Қазақстан армиясы Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған міндеттерге және мемлекеттің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы басшылық құжаттарға сәйкес дамуда. Бүгінгі күні армияның жаңа сын-қатерге тойтарыс беруге әзір болуы, қазіргі заманғы озық технологияны енгізу және әскери процесті басқаруды автоматтандыру аса маңызды болып табылады.

Офицер мырзалар, келісімшарт бойынша әскери қызметшілер мен сарбаздар!

Сіздерге және отбасыңызға зор денсаулық, амандық және Отанымыз – Қазақстан Республикасының игілігі жолындағы қызметте толағай табыс тілеймін!», – деді генерал-лейтенант Мұрат Бектанов құттықтау сөзінде.

Қорғаныс министрі салтанатты жиналыста ерекше көзге түскен әскери қызметшілерге грамоталар табыс етті.