Ел жастарының басын қосқан алғашқы әскери-патриоттық форум

Ел жастарының басын қосқан алғашқы әскери-патриоттық форум

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні қарсаңында Нұр-Сұлтан қаласындағы Қарулы Күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында «Егемен елдің ертеңі – жас сарбаз» жас патриоттардың бірінші форумы өтті.

Жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру жұмысын жетілдіру шараның басты мақсаты болды.

Іс-шараға Парламент Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Айгүл Құспан, Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Бас штаб бастығы генерал-лейтенант Марат Құсайынов, Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин, Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Мұхамеджан Таласов, ҚР Ұлттық ұлан бас қолбасшысының орынбасары генерал-майор Әлібек Серәлиев, ҰҚК Шекара қызметі директорының бірінші орынбасары генерал-майор Айдар Аймұрзин, Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев, Ақпарат және қоғамдық даму, Білім және ғылым, Мәдениет және спорт министрліктері басшылығының өкілдері, Қарулы Күштердің ардагерлері қатысты.

Форумның басты қатысушылары жас патриоттар – «Жас сарбаз» балалар-жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері болды. Шара интернет-ресурстардағы ашық алаңдарда тікелей эфирде көрсетілді. Оған Қазақстанның барлық өңірлеріндегі әскери-патриоттық клубтардың өкілдері қашықтан фронт-офис арқылы қатысты.

Қонақтарға коворкинг-орталығы таныстырылды, оның базасында робототехника үйірмелерінің, жас журналистердің және медициналық дайындық секцияларының жұмысы көрсетілді.

Форум аясында «Айбын-2021» VII республикалық әскери-патриоттық жастар жиынының салтанатты жабылу рәсімі және жеңімпаздарды марапаттау рәсімі өтті. Биыл бүкіл ел жастарын біріктіретін ауқымды іс-шара онлайн-форматта өтті.

Қорғаныс министрі атынан жас патриоттарға жарқын жеңістер мен лайықты нәтижелері үшін құттықтауларды генерал-лейтенант Марат Құсайынов жеткізді.

– Дәл осы жерде, Ұлттық әскери-патриоттық орталығында еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы «Жас сарбаз» қозғалысына бастама берген болатын», – деп атап өтті ол. – Бәріңіз әскери істің қыр-сырымен танысып, Қарулы Күштердің тарихы мен армия туралы білдіңіздер. Осы жолда жеткен жетістіктеріңізді, алған білімдеріңіз бен дағдыларыңызды көрсеттіңіздер, жаңа достар таптыңыздар, өздеріңізді беріктікке сынап көрдіңіздер.

Бас штаб бастығы балаларға қол жеткізген жетістіктерімен тоқтап қалмауды, алға жаңа мақсаттар қоюды және оған жетуге міндетті түрде ұмтылуды тіледі. Ол жиынды өткізуге қолдау көрсеткені үшін депутаттарға, мемлекеттік органдардың басшыларына және өңірлердің әкімдеріне алғысын білдірді.

Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай өткізілген «Айбын» жиыны дарынды балалардың, мақсатқа жетуге ұмтылған жастардың, елдің нағыз патриоттарының басын қосты. Облыстар мен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының әскери-патриоттық клубтары арасында Түркістан облысының «Барыс» командасы жеңіске жетті. Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың әскери-патриоттық клубтары арасында «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының «Жас артиллерист» клубы үздік атанды. Әскери колледждің, «Жас ұлан» республикалық мектептерінің, облыстық әскери мектеп-интернаттарының командалары арасында Нұр-Сұлтан қаласы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Қорғаныс министрлігі Әскери колледжінің командасы жеңімпаз деп танылды.

«Жас сарбаз – жас тілші» аталымында «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы «Жас артиллерист» әскери-патриоттық клубының өкілі Валерия Черевко үздік деп танылды. «Үздік жас сарбаз» аталымында Түркістан облысы «Төлеби арландары» әскери-патриоттық клубының қызметкері Сәуле Ахметова жеңіске жетті.  «Смарт сарбаз» аталымында Маңғыстау облысы «Альтаир» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушісі Ырысжан Сансызбай бірінші орынды иеленді.

– Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова мен Хиуаз Доспанова сынды қазақтың батыр қыздарын үлгі етемін. Күннен-күнге алға қойған мақсатыма жетуге деген сенімім артуда. Еліміздің дамуына өз үлесімді қосқым келеді, – деді «Үздік жас сарбаз» аталымының жеңімпазы Сәуле Ахметова.

2021 жылы өткізілген жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру қызметінің қорытындысына сәйкес ауыспалы «Патриоттар мекені» кубогы Түркістан облысы әкімдігінің өкілдеріне табысталды.

Үш жыл ішінде «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысы өз құрамында бүкіл елден 215 мыңнан астам баланы біріктірді. Олардың көбі болашақта Қарулы Күштерде қызмет еткісі келеді. Қозғалыс филиалдары Қазақстанның 17 өңірінде құрылған. Екі миллионнан астам баланың қатысуымен 1 500-ден астам іс-шара өтті.