Сенаторлар армиядағы әскери-патриоттық және тәрбие жұмыстарының жай-күйін талқылады

Сенаторлар армиядағы әскери-патриоттық және тәрбие жұмыстарының жай-күйін талқылады

Қарулы Күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында Парламент Сенатының Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің көшпелі отырысы өтті.

Сенаторлар отырысында негізгі талқыланғаны армиядағы әскери-патриоттық және тәрбие жұмысының жай-күйі тақырыбы болды.

Сенаттың бейінді комитетінің төрағасы Мұхтар Құл-Мұхаммед әскери-патриоттық тәрбие – барлық мемлекеттік құрылымдардың, ең алдымен, дұрыс рухани құндылықтарды қалыптастыру жөніндегі сан қырлы, жүйелі және кешенді жұмыс екенін атап өтті. Ол үздіксіз жаттығулармен, желілік қадаммен және әскери-қолданбалы спорт түрлері бойынша жарыстармен шектелмейді.

Баяндама жасаған Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Мұхамеджан Таласов жастарға патриоттық тәрбие беру – Қорғаныс министрлігі қызметінің басты бағыттарының бірі екенін атап өтті.

- Қарулы Күштерде жеке құрамның моральдық-психологиялық жай-күйін нығайтуға және әскери қызметтің беделін арттыруға бағытталған шаралар кешенін уақтылы іске асыруға мүмкіндік беретін тиімді нормативтік-құқықтық база құрылды. Тәрбиелік құрылым офицерлерінің қызметі әскери қызметшілердің жоғары моральдық-психологиялық қасиеттерін қалыптастыруға, армияның жауынгерлік күшінің рухани негіздерін нығайтуға бағытталған. Әскери-патриоттық жұмыстың негізінде парыз, абырой, батылдық және патриотизм сияқты басты құндылықтар мен ұғымдар дамытылуда, – деп атап өтті генерал-майор Мұхамеджан Таласов.

Орталық мемлекет пен жергілікті атқарушы органдармен бірге «Бір тұтас ұлт – Бір тұтас әскер» жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру бағдарламасы құрылып, іске асырылып жатқанын айта кеткен жөн.

Олардың ең ауқымдысы 2015 жылдан бастап жыл сайын өткізілетін «Айбын» республикалық әскери-патриоттық жастар жиыны болып табылады. Аудандық, қалалық, облыстық іріктеу кезеңдеріне 55 000 баланы қамтыған жиынға 2000 клуб қатысқан. Биылғы жылы жиын Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналды.

Сенаторлар «Айбын-2021» жиынын басқару аймағына барды. Оларға «Жас сарбаз хаб» коворкинг-орталығы, жиынның сандық платформасы көрсетіліп, өңірлермен телемост ұйымдастырылды.

Отырысқа қатысушылар әскери қызметшілердің отбасы мүшелерімен жұмыс істейтін қызметтің жұмысымен, психологиялық жұмыстың ұйымдастырылуымен танысты. «Смарт Сарбаз» ғылыми-шығармашылық үйірмесінің тәрбиеленушілері әзірлеп, құрастырған роботтарды таныстыру сәті ерекше әсер қалдырды.

Кездесу қорытындысында жастарды әскери-патриоттық тұрғыда тәрбиелеу қызметін жүйелеу және жетілдіру жөнінде бірқатар ұсыныстар айтылды.