Армия спортшысы Универсиадада Қазақстан құрамасының қоржынын «алтынмен» толықтырды

Армия спортшысы Универсиадада Қазақстан құрамасының қоржынын «алтынмен» толықтырды

Алматыда өтіп жатқан Универсиадада жеке биатлон бойынша әйелдер арасындағы 15 шақырымдық жарыс армия спортшысының салтанатты жеңісімен аяқталды. ҚР Қорғаныс министрлігіне қарасты Армия орталық спорт клубының әскери қызметшісі кіші сержант Алина Райкова еліміздің құрамасына алғашқы алтын медалды тарту етті. Спортшы жарысты 59 минут 48,7 секундта үздік нәтижемен аяқтап, жоғарғы ұпаймен награданы жеңіп алды. Екінші орын қазақстандық спортшы Галина Вишневскаяның еншісінде, сонымен қоса осы жүлделі үштіктің қатарына Украинаның биатлоншысы Надежда Белкина кірді. Армия орталық спорт клубындағы штаттық команданың тағы бір биатлон спортшысы Дарья Усанова жеке жарысқа қатысып, нәтижесі бойынша төртінші орынды иеленді. «Алинаның басты мақсаты жеке жарыста бірінші орынды жеңіп алу болатын. Ол мақсатына жетті, қазіргі көңіл-күйі тамаша. Ақпанның 2-і күні біздің спортшылар 7,5 шақырымға спринттен сайысқа түседі. Бұл жолы да спортшыларымыз жүлделі орындарға ие болу үшін бар күшін салатынына сенімдімін», - деп спортшының әкесі және жаттықтырушысы Сергей Райков атап өтті. Кіші сержант Алина Райкованың жеке жарыс бойынша иеленген бұл екінші алтын медалі. Бірінші медалді спортшы екі жыл бұрын 2015 жылғы Универсиадада жеңіп алған болатын. Осылайша, бүгінгі күні ол Универсиаданың екі дүркін чемпионы атанды. Естеріңізге сала кетсек, ХХVIII қысқы Универсиада Алматы қаласында биылғы жылдың 29-шы қаңтарында басталған болатын. ҚР Қорғаныс министрлігіне қарасты Армия орталық спорт клубынан Қазақстан құрама командасының сапында биатлоннан, шаңғы жарысынан және шайбалы хоккейден тоғыз спортшы сайысқа түседі. Жалпы жарысқа әлемнің 57 елінен 3 500 спортшы қатысады.