Қазақстан контингенті «Бейбіт миссия-2021» оқу-жаттығуының белсенді кезеңіндегі тапсырмаларды орындады

Қазақстан контингенті «Бейбіт миссия-2021» оқу-жаттығуының белсенді кезеңіндегі тапсырмаларды орындады

Қазақстанның әскери контингенті «Батыс» өңірлік қолбасшылығының барлау-шабуылдау ротасы, танк бөлімшелерімен және ұшқышсыз басқарылатын құрылғылар есептоптарымен бірге заңсыз қаруланған құралымдардың шабуылын тежеуді, қарсы шабуылға шығуды және шартты қарсыласты жоюды пысықтады.

Ұрыс әрекеттері үш кезеңде, бес оперативті іс-қимыл көрінісі ретінде өтті. Бірінші кезеңде – жағдайды тұрақтандыру жүргізілді, сосын ауданды ақпараттық бұғаттау іс-қимылы орындалды. Бұдан басқа, шартты қарсыластың ірі құралымдарының жауынгерлік қабілетін төмендету, сондай-ақ олардың материалдық құралдары мен оқ-дәрілер қорын жою шаралар кешені іске асырылды.

Екінші және үшінші кезеңдерде әскери контингенттер террорлық құралымды тоқтату үшін шабуыл жасау, қалған қарақшы топтарды жою және қақтығыстан кейінгі реттеу іс-қимылдарын жүргізді.

Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдер арасында өткен «Бейбіт миссия-2021» бірлескен әскери терроризмге қарсы командалық-штабтық оқу-жаттығуының тәжірибелік іс-қимылына Үндістан, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан Қарулы Күштерінің әскери басқару органдары, құрлық әскерлерінің бөлімшелері және авиациясы жұмылдырылды. Беларусь Республикасының әскери контингенті оқу-жаттығуға алғаш рет қатысты.

Бүгін Ресей Федерациясындағы «Донгуз» полигонында Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттер әскери контингенттері арасында өткен «Бейбіт миссия-2021» бірлескен әскери терроризмге қарсы командалық-штабтық оқу-жаттығуы аяқталды.