Алматы гарнизонының әскери қызметшілері Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетовты еске алды

Алматы гарнизонының әскери қызметшілері Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетовты еске алды

Алматыда Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, тәуелсіз еліміздің тұңғыш Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетов тұрған үйдің жанындағы мемориалдық тақтаға гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.

Шараға гарнизон басшылығы мен әскери қызметшілері, Қарулы Күштердің ардагерлері, Әскери-техникалық мектептің курсанттары мен оқытушылары және аты аңызға айналған отандасымыздың қызы – Айсұлу Сағадатқызы Нұрмағамбетова қатысты.

- Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов – ел әскерінің мақтанышы әрі армияның іргетасын қалаушы. ҚР Қарулы Күштердің барлық жауынгерлік буыны үшін ол табандылықтың, батылдықтың және Отан алдындағы антына шын берілген тұлғаның үлгісі. Біз оның кітаптарын, естеліктерін, майдандағы ерлігі мен бейбіт уақытта жанқиярлық еңбектерін біліп тәрбиелендік. Оның өзіне тән қайсарлық, мақсат қойғыштық және әскери антқа адалдық секілді қасиеттерінің арқасында Қазақстан әскері мұрасын сақтап қана қоймай, оны дамытты, - деді Десанттық-шабуылдау әскерлері қолбасшысының тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары Раджан Жанысов

Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов 1924 жылы 25 мамырда Целиноград облысы Алексеев ауданында дүниеге келген. 1942 жылы мектеп табалдырығынан Қызыл Армия қатарына шақырылып, Түрікменстанға Кушка қаласындағы әскери училищеге жіберіледі.

1943 жылдың сәуірінен бастап жеңіске дейінгі кезеңде Ұлы Отан соғысы майдандарында шайқасты. Оқшашар взводының, оқшашар ротасының, атқыштар батальонының командирі болды. Краснодар өлкесін, Украинаны, Молдованы, Батыс Беларусь елін, Польшаны азат етуге қатысты. Сағадат Нұрмағамбетовтың батальоны Гитлердің Рейх кеңсесінің ғимаратына шабуыл жасауға қатысты.

1945 жылы 27 ақпанда Польша аумағында жаудың мықты бекіністі қорғанысын бұзып өтуде қолбасшылықтың жауынгерлік тапсырмаларын үлгілі орындағаны үшін оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Соғыстан кейінгі жылдары М.И. Фрунзе атындағы Әскери академияны бітіріп, Түркістан әскери округі штабы жедел басқармасының аға офицерінен Венгриядағы Оңтүстік әскерлер тобы әскерлері қолбасшысының бірінші орынбасарына дейін түрлі штабтық және басшылық лауазымдарда қызмет атқарды.

1991 жылғы қазанда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Мемлекеттік қорғаныс комитетінің төрағасы, ал 1992 жылғы мамырда Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі болып тағайындалды. 1994 жылдың мамыр айында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен оған «Алтын Жұлдыз» табыс етіліп, Халық Қаһарманы атағы берілді. Сағадат Нұрмағамбетов осындай жоғары атаққа ие болған алғашқы қазақстандық атанды.

Қорғаныс министрі лауазымында Сағадат Нұрмағамбетов өзін мемлекет қайраткері, әскери жетекші және дипломат ретінде көрсетті. Ол құрған армия бүгінде өз міндеттерін сәтті орындап, қазақстандықтардың тыныштығын күзетіп, Отанды қорғауда.

1995 жылы отставкаға шыққаннан кейін армия генералы атағында Республика Президентінің және ҚР Қорғаныс министрінің кеңесшісі болды, бірнеше рет Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды.

Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов «Лицом к огню», «Мой передний край», «А в памяти нет тишины» атты кітаптарында жауынгерлік дәстүр мен Қарулы Күштердегі көпжылдық қызмет туралы әңгімелеген.