Бітімгерлік операцияларға Қазақстан мен АҚШ бірлесіп логистика мамандарын дайындауда

Бітімгерлік операцияларға Қазақстан мен АҚШ бірлесіп логистика мамандарын дайындауда

Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің бітімгерлік даярлық орталығында «Батыс Африкада тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі бітімгершілік операцияларына логистикалық қолдау көрсету» тақырыбында логистика саласындағы офицерлерді даярлауда компьютерлік командалық-штабтық оқу-жаттығу өтті.

Оқу-жаттығудың негізгі мақсаты қарулы күштерді жан-жақты қамтамасыз ету мәселелері бойынша мамандардың білімдері мен дағдыларын жетілдіру, бітімгершілік миссиясы өтіп жатқан жерге әскери контингентті өз бетінше жіберуді ұйымдастыру және оны логистикалық қолдау тәртібін зерделеу болды.

Жаһандағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға қарамастан, АҚШ-тық әріптестеріміз оқу-жаттығуларға қатысып, БҰҰ-ның миссияларына қатысатын Қазақстан Қарулы Күштерінің бітімгерлерін даярлауға қомақты үлес қосқанына қуаныштымыз. Бұл платформа біздің әскери қызметшілерді даярлауға жақсы мүмкіндік, – деп атап өтті Қазақстан Қарулы Күштерінің Тыл және қару-жарақ бастығы генерал-майор Алмас Ахмадиев.

Аталған оқу-жаттығу басқару органдарының 2021 жылға арналған дайындық жоспарына сәйкес және екі елдің қорғаныс ведомстволары арасындағы әскери ынтымақтастықтың 2018-2022 жылдарға арналған бесжылдық жоспары шеңберінде ұйымдастырылды.