Қазақстандықтар әскери оқу-жаттығу жиынына шақырылды

Қазақстандықтар әскери оқу-жаттығу жиынына шақырылды

Қарулы Күштерде әскери міндеттілермен оқу-жаттығу жиыны өтті. «Оңтүстік», «Шығыс», «Астана» өңірлік қолбасшылықтарының әскери бөлімдеріне 700-ден астам әскери міндетті шақырылды.

– Әскери жиындардың негізгі мақсаттары әскери бөлімдердің жауынгерлік және жұмылдыру даярлығын арттыру, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері, басқа да әскерлері мен әскери құралымдары үшін қажетті әскери-оқытылған ресурсты дайындау және жинау болып табылады, – деп атап өтті Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмысы департаментінің бастығы полковник Сәкен Жүсіпов.

Әскери міндеттілердің жиыны санитарлық-эпидемиологиялық шараларды қатаң сақтай отырып жүргізілді. Қатысушылар жиналатын барлық орындарға санитарлық постар қойылды. Вирустық инфекциядан қорғанудың жолы ПТР-тексеруден өту болды.

Бір ай ішінде шақырылған әскери міндеттілердің әрқайсысы өзінің әскери мамандығы және жалпы әскери пәндер бойынша теориялық және практикалық сабақтар курсын меңгеруі тиіс. Мұнда практикалық даярлыққа басты назар аударылады.

– Менің мерзімді қызметімді өткергеніме 15 жылдан астам уақыт өтті. Осы уақыт ішінде әскери техника өзгеріп, жаңартылды, жағдай айтарлықтай жақсарды. Мен тағы да әскери ортаға келгеніме қуаныштымын. Бұл қалыптасқан дағдыларды нықтап, жаңа әдістерді үйренуге жақсы мүмкіндік, – деді жиындарға қатысушы запастағы аға сержант Талғат Мұсалиманов.

Бұндай шараның маңыздылығы – жұмыс істейтін азаматтардың жиын кезінде өмір сүруге жағдай жасау және алатын жалақы үшін өтемақы төлеу болып табылады. Әскери жиынға шақырылған барлық әскери міндеттілер бөлімдердің полигондарындағы шатырлы қалашықтарға орналасады. Жиынға қатысушылар Қорғаныс министрлігінің қаражаты есебінен тамақпен және заттай мүлікпен қамтамасыз етіледі.

Жиын қорытындысы бойынша сынақтар өткізіліп, оның нәтижелері бойынша бағдарламаны сәтті меңгерген әскери міндеттілерге кезекті әскери атақтар берілетін болады.

Әскери бөлімге дейін және кері қарай жол жүру уақытын қоса алғанда, жиын кезеңінде әскери міндеттілердің жұмыс орны, атқаратын лауазымы сақталады, оларға республикалық бюджеттен орташа айлық жалақы төленеді.