Қорғаныс министрлігінде Қарулы Күштердің барлық объектілеріндегі оқ-дәрілердің сақталу жағдайын тексеру жөнінде комиссия құрылды

Қорғаныс министрлігінде Қарулы Күштердің барлық объектілеріндегі оқ-дәрілердің сақталу жағдайын тексеру жөнінде комиссия құрылды

Қорғаныс ведомство басшысы Н. Ермекбаевтың бұйрығымен Қорғаныс министрлігі Бас инспекциясының бастығы генерал-лейтенант Әмір Халықов басшылық ететін Қарулы Күштердің барлық қоймаларындағы оқ-дәрілерді тексеру комиссиясының құрамы тағайындалды.

Шешім Жамбыл облысында орын алған оқиғаға байланысты қабылданды. Алғашқы сәттен бастап-ақ қорғаныс министрі өрт салдарын жою жұмыстарын ұйымдастырып, оқиғаның туындау себептері мен мән-жайын талдады.

Аппарат кеңесінде генерал-лейтенант Н.Ермекбаев атап өткендей, Қорғаныс министрлігі Арыста болған өрттен кейін бұндай оқиғаларды болдырмау үшін кешенді шаралар қабылдаған болатын. Сондай-ақ Қарулы Күштерде Қару-жарақ пен оқ-дәрілерді сақтау объектілерін жетілдіру бойынша кешенді жоспар жүзеге асырылып, 30 жыл ішінде алғаш рет оқ-дәрілерге толық түгендеу жүргізілді және екі сақтау базасының құрылысы ұйымдастырылды.

- Қабылданған шараларға қарамастан, министр берген бірқатар тапсырмалардың өз деңгейінде орындалмауы Жамбыл облысындағы оқиғаның себебі болуы да мүмкін. Оқиғаның шынайы себептері мен кінәлілерді тергеу жұмыстары анықтауы тиіс, - деді қорғаныс ведомствосының басшысы.

Оқ-дәрілерді сақтау объектілері режимдік екенін ескере отырып, комиссия жұмысына кеңесшілер ретінде тәуелсіз және білікті сарапшыларды, оның ішінде Қарулы Күштердің ардагерлерін тарту тапсырылды.

Комиссия оқ-дәрілердің сақтау жағдайына объективті баға беріп, барлық кемшіліктерді анықтауға және оларды жою жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыруға ықпал етеді.